Кете алмай бірден достасып

Кете алмай бірден достасып,
айтылмай асқақ көп өлең,
қатқылдау ғана қоштасып;
«Хабарласып тұр…» деген ең.
…Алсам да бірде ойыма,
араға түсіп көп бөгет,
қаншама жылдар бойына
қайырыла соқпай кеткен ек.
Бозбала-дәурен,
қырды аңсап,
кезігіп кейде басқамен….
араға талай жылдар сап,
есімнен шыға бастап ең…
Жазатын қыздар бұрын хат,
жанып та жүрдім мен дейтін,
телефон біткен шырылдап,
күн ұзақ тыным бермейтін…
…Баяғы мінез жоқ қызба,
бұйығы күндер көп өтті,
Қызығып жүрген көп қыз да:
«Хабарласып тұр…» – демепті.
Жазбайды бірі бүгін хат
араға салып аптаны.
Телефон деген шырылдап,
ұлымды сұрап жатқаны.
Біреуден бүгін даңқ кем бе,
тойларда думан қай-қашан,
қасқайып барып,
қақ төрге
қарттармен қатар жайғасам.
Қайығым жылдам жүзді алға,
қамығам, бірақ мен демде –
алқалы топта
қыздар да
түрегеп орын бергенге.
Салса егер қыздар сан әнге,
сырт беріп шығар емеспін,
айтпады, бірақ амал не:
«Хабарлас тағы…» – деп ешкім.
…Құлпырып тұрған қыр мынау,
ел бөлек бүгін,
жер бөлек,
Жаутаңдап саған жүрмін-ау,
«Хабарласып тұр!» – дер ме деп!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *