Жеңге ме едің, шырағым,
келін бе едің? –
Түнде тұрып шай бердің,
ерінбедің.
Ауыл-үйдің қарамай өсегіне,
төсегіме айналды төрің менің.
Жолаушы деп қарамай түнделеткен,
алдымызға ас келді түндегі еттен,
…Бір әзәзіл кеудемде бас көтеріп,
қала берді күрмеліп тіл кенеттен.
Келіп едік кештете кақпанды ұрып,
алдымыздан атты бір ақ таң күліп.
Қарағым-ай, өзім де білмеген ем,
қасқыр барын кеудемде жатқан бұғып…
Кім ойлаған болар деп, сірә, бұлай,
масқара етіп жүре ме мына Құдай.
– Сыртыңыздан білеміз! – деп сызылып,
шай құйғаның не тұрар, шырағым-ай!
Өзі неге тұрады елегенің,
көріп жүрген көп елден бөлек едің…
…Көңіліме қайдағы сайтан кіріп,
есімде жоқ,
не дедім,
не демедім…
Кеудемде бір қорқаулау қасқыр ұлып,
тамағымнан өтпеді ас тығылып,
Түніменен дөңбекшіп құс төсекте,
ұйықтай алмай шыққаным бастырылып…
Сәкен Иманасов