Иллә, ил-Алла, кел аузыма,
Кембағалдың жетпейді қолы аузына.
Бізден басқа керуен көшіп кетті,
Мен де күтіп отырмын жол аузында.
Жігітті шешенсінген дауда сына,
Мақтаған қырандарды ауда сына.
Әркім-ақ тамақ тоқта үйде батыр,
Батырсынған жігітті жауда сына.
Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ел жиылып, етекті жау басқан жерде.
Жаманды жақыным деп ес санама,
Көңілі күнде оның өр мен төрде.
Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп,
Қайғыңа ортақ болад мойын бұрып.
Тастамас жау қолына қысылғанда,
Жақсыңа ортақ болар көзбен көріп.
Құдаң жаман болса, арманың ішіңде кетеді,
Қызың жаман болса, жеті атаңның түбіне жетеді.
Келінің жаман болса, өсек сөзден қашақтап,
Сабыр менен жігерің дәл түбіңе жетеді.
Бай жақсы батырдан да, шешеннен де,
Ел жейді қуқыл жігіт төселгенде.
Аз болып ағайыннан көрсең қорлық,
Сол жаман ыңқылдаған кеселден де.
Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп,
Қайғыңа ортақ болар мойнын бұрып.
Тастамас жау қолына ешқашанда,
Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.
Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ел жеңіліп, етекті жау басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Көңілі күнде оның өр мен төрде.
Құдай-ау, тәуба қылдым бергеніңе,
Артық деп арман қылма ілгеріге.
Алланың бергеніне қанағатсыз,
Ертеде өтіп кеткен бір пері де.
Бай жақсы, батырдан да, шешеннен де,
Елін жейді, қуқыл жігіт төселгенде.
Аз болып ағайыннан көрсең қорлық,
Сол жаман ыңқылдаған кеселден де.
Қас болды қарындасым, Әділ, маған,
Қас болмаған қарындас табылмаған.
Жау жағадан алғанда бөрі етектен,
Ақыл сұрай келіп тұрмын әдейі саған.
Өлеңді ағызайын, тәуба құдай,
Өзендегі ел болмайды таудағыдай.
Денсаулықтың қадірін ешкім білмес,
Ауырса кім жүреді саудағыдай?
Басында керегенің оймақ тұрар,
Кедейшілік жігітке қой бақтырар.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Білдірмей кедейлікті ойнап тұрар.
Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Опық жеп жүрген жан көп аңламастан.
Біреумен селбесейін деп ойласаң,
Өзіңді жұтып қояр шайнамастан.
Өлеңім біртін-біртін кел аузыма,
Бар ма екен елек қойған ел аузына?
Керуен бізден бұрын талай өткен,
Біз дағы келіп тұрмыз жол аузына.
Қабан (Қабылиса) Асанұлы