«Жетпесе құлағына ақтық үні,
Несіне ала жаздай бақты мұны?
(Тел өскен құлынынан
Қос жиреннің,
пышаққа ілінгелі жатты бірі.
Әй-шайға қарулы қол қаратпады,
Қайраулы қара пышақ жалақтады.
Төрт аяқ тең буылып,
Тыпыр қақты,
Тұрған ат қаңтарулы таң атқалы).
Айнала аңыз еткен атын кілең,
Ел де бекер жиналмай жатыр, білем,
Апыр-ай, пышақ үсті кеткені ме,
Шынымен жеткені ме ақырғы дем?
Сан рет сүйсіндірген бұрын елді,
Шынымен сөне ме осы ғұмыр енді?
(Байлаулы қала берген мамағашта
Серігі тура осылай күңіренді.):
Бірге өскен осы аулада тең шіреніп,
Екеуміз бір адамның меншігі едік,
Кім білсін,
Тәңірден бе,
Жәбірден бе,
Тірлікті түрлі-түрлі еншіледі.
Кім білсін,
алалады неге кілең, –
Сен жедің ақ бидайды,
бедені мен,
Әйтеуір, құлыныңнан қожамыздың,
Ерекше құрметіне бөленіп ең.
Алдыңа мал салмаған желістен бе,
Сүйсінді ол
Су тұнығын сен ішкенге.
Әйтеуір маған ғана қамшы үйірді.
Екеуміз қарап тұрып тебіскенде.
Бір өзің жылқы ішінде бойға әсемі,
Мінетін қойға мені, тойға сені,
Қожамыз қылшығыңа кір жуытпай,
Жүз қарап тұрпатыңа тоймас еді.
Қашанда қайшыланып қос құлағың,
Күн сайын арыныңа қостың арын.
Қожамыз да айналып-үйіріліп,
Сенің ғана аузыңа тосты барын.
Әшекейлі құйысқан, өмілдірік,
Құйрығыңды тарайтын төгілдіріп.
Менің ғана арқамды жауыр етті,
Ауыл үйдің баласы тегін мініп.
Білмейсің бе, бауырым,
білесің бе,
Қазіргідей бәрі де тұр есімде:
Екеумізді қамайтын тас қораның
Қиын да
мен тасушы ем күресінге.
Кім біліпті,
Тұқымың текті ме еді,
Саған ауып тұратын көп тілегі,
Сені, тіпті далаға шығармастан,
Ақ боранда шанаға жекті мені.
Сұқтандырып өзіне көпті денең,
Сауырыңа қол тисе еттің елең,
Алты ай қыста аузыңнан кетірмейтін
Таситын ем даладан шөпті де мен.
Білдің бе сен, бауырым,
білмедің бе,
Кейде тіпті өзіңді күндедім де,
Менің арқам деп,
іштей кіжінуші ем,
Жүйрік болып,
Жүлде алып жүргенің де.
Сенің де бар ма еді бір өз білгенің,
Қаншама жыл ішінде сездірмедің.
Баладың ба жабыға,
не тағыға,
Қасымда қатар тұрып…
Көзге ілмедің.
…Күткендей-ақ көктемгі жер кебуін,
Естілмеді бұрынғы өрлеу үнің.
Түсінбегем себебін,
Қожамыздың
Биыл саған көп көңіл бөлмеуінің.
Шығарда жаны бірге секілді еді,
Белгісіз
енді неге бекінгені.
Әйтеуір үй маңынан ұзатпады,
Күні-түн алдыңнан жем кетірмеді.
Қиыңды
жүрсем де әлі қырға тасып,
Тұратын болдық ұзақ бір матасып.
Жалданып,
Жоталанып бара жаттың,
Күн санап сауырыңның сымбаты асып.
Сәл-сәл бір тартқандай
түрің қылаң,
Шоқтығың биіктеді бұрынғыдан.
Жемің де үзілмеді алдыңдағы,
Менің де жақсармады күнім бұдан.
Жал түгіл,
Құйрығыңның қылы сынбай,
Манағы тұлғаланып тұрысыңды-ай!
Төрт жігіт тырп еткізбей
Тұзақтады
Мал алғыш
баяғының ұрысындай.
Белгілі болып сонда дерт ішкенің,
Шұрқырап,
Шылбырымды мен тістедім.
Құлағым еміс-еміс шалып еді
Көктемде аяғыңа жем түскенін.
Қызғанып сенің ғана тірлігіңді,
Тұншықтырып іштегі жүрдім үнді.
Кешірші,
Көз алдымнан кетер емес,
Қия алмай,
Қиналғаның,
Нұрлы күнді.
Бауырым,
бітіспес бір ерегеспен,
Кеттің бе,
Көре тұра елеместен?
Апыр-ай!
Қалай болды?
Пышаққа да
Алдымен ілінетін мен емес пе ем?!
Кешірші,
Желілес те,
Жемдес едік,
Қайтерміз,
Тағдыр бізге бермесе ерік.
Тірлікте осқырынып жүріппіз-ау,
Бойдағы желігің мен желге сеніп.
Біріміз бірімізді ес тұтпадық,
Тұрсақ та бір қорада,
досты ұқпадық.
Бәрінің де бір күндік болмайтынын
Кешірек түсінеміз… өстіп барып.
Сәкен Иманасов