Қасым жырын қайталап оқығанда

Туысқан,
тыңдашы бір тұра қал да,
Тағы да айтар сыр бар бұл ағаңда.
Өтірік болмайды
Егер былай десең
Ол жайлы бала-шағаң сұрағанда:
«… Ол да бір өзіміздей күнәлі ағаң.
Біреуге ұнап, біреуге ұнамаған.
Абайдың жазбай кеткен жыры ма?
Әлде,
Ақанның кеудесінен құлаған ән?
Әйтеуір биік еді бүкіл езден,
Қырандай қия-шыңды жіті кезген,
Жан еді басына бір бақ дарыған,
Жан еді басынан бір құты безген…
Дегені төңірегіне кілең шешім,
Қыздың да құшты нелер бір еркесін.
Кісінің кісісімен достасты да,
Иттерге имей кеткен піл еңсесін.
Жүрмеген досының да жетегімен,
Ешкімнің ұстамаған етегінен.
Жанса да,
Өртене алмай,
Ширығып кеп
Тұп-тура тартушы еді төте кілең.
«Адам боп туып неге текке өлем?» деп,
Мың ойлап, жүз толғанып өтті елеңдеп.
Бүгінгі ұрпағына содан да өзі
Қалды әне қып-қызыл бір отты өлең боп…
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *