Ағайым Нұрмұқаштың рухына
Ел ішінде еркін ұстап өр кейпін,
Азды місе тұтты ма екен ол дейтін.
Жұмыс десе жаны қызып, той болса,
Таң атқанша дүрілдетпей келмейтін.
Алға тартып дара біткен тұлғасын,
Жұрт ішінде жасытпаған құрдасын,
Даласынан аумай қалған мінезбен,
Сыйлатып-ақ өтіпті ғой бір басын!
Шарапты да жұрт қатарлы тартып ап,
Жарқ-жұрқ етіп отыратын жарқырап.
Жас балаша шаттана бір шалқитын,
Күлкісінен қабырғалар қалтырап.
Тағдырыңды тәлкек етіп ол деген,
Қағытпа сөз, қатын өсек термеген.
Қабырғасы қайысса да қаншама,
Еткен ісін елге бұлдап көрмеген.
Ашуланса алабұртып нұры алау,
Болмапты онда басқаларды кінәлау,
Көмейіне келген сөзді бүкпестен
Айтып салып, ақтарылып тұрады-ау!
Көңіліне қалмапты бір сөз бүгіп,
Тал бойына дарытпаған ез қылық,
Тірлігінде көрмепті ғой, дүние-ай,
Күйкілікті, шикілікті көзге іліп.
Қайғыда да көкірегінде кеміп от
Көрген емес, еңсе түсіп, еңіреп.
Кісі-ақ еді пейілі кең, қолы кең,
Жан-жүрегі бәрінен де кеңірек..
Сәкен Иманасов