Асыл достар, азайып барамыз ба?
Анау жоқ, анау да жоқ арамызда.
«Жұп жазбастан өтерміз» дейтін серттің,
Айналып кеткені ме бәрі аңызға?
Жоқтыққа пысқырмайтын жиі де елеп,
Аусар, аңғал шақтар-ай сыйы бөлек!
Күн-түн демей саусылдап жетуші ек-ау
Түскендей әкеміздің үйіне кеп.
Еркінсіп оңды-солды еліре кіл,
Жатушы едік төмені, төрі де бір.
Қара шайды қатықсыз таласа ішкен,
Қайдасыңдар, қайран дос – сері небір.
Құпиямыз болмай-ақ дара сақтар,
Ортақ еді-ау ой-арман, парасат бар.
Қалтқысыз құлай сүйген қайда от жүрек,
Қайда сол балаң шақтар, дана шақтар?
Лапылдап жігіттіктің оты бізден,
Қыр гүлін құйғыта бір жетіп үзген,
Кең едік, кіл ғана бір кемеңгер-ақ,
Сері де пері мінез шетімізден.
Болса да кінәміз көп, күнәміз көп,
Жосыла шыққандай ек бір ән іздеп,
Ойлап па едік кейін бір кезіккенде,
Шыртиып, әлдекімсіп тұрамыз деп.
Азайып-ақ, апыр-ау, барамыз ба?
Анау жоқ, анау да жоқ арамызда.
«Сөйтеміз де бүйтеміз» дейтін шақтың,
Кеткені ме айналып бәрі аңызға?!
Сәкен Иманасов