Бұлттысы көп те, ашық боп біразы күннің,
Қалғандай аты бәйгесіз, ызалы жүр кім?!
Қазірше бәсең болғанмен,
Шыдаса аздап,
Даңғыра сынды анық қой қызары үннің.
Биіктеп кетіп қол созым құзары шыңның,
Сағым боп арман көз алдап ызалы жүрдім.
Сабырлық жасап сонаудан келгенім шындық,
Шыдамды болсаң,
Анық ол, ұзары мұңның.
Сабырды сақтап о бастан келгенім анық,
Заман ағымы, кететін сел ме едің алып?
Өткізіп түгел баршаны сын-сынағыңнан,
О Жаңа Таңым, ертерек келмедің нағып?
Өзге қалбырдан өткіздің баршаны тағы,
Қонбаған басқа заманның қанша еді бағы?
Жыласа бала – анасы қарамас қалай?
Шындықты айтқан жандардың шаршады жағы!
Көңіл шынары күлімдеп самғасын көкке,
Алдағы өмір салмағын салмасын көп те!
Бұрынғы кездей заманы сабырлы Елге,
Өшпестей етіп баспасын тамғасын бетке!..
Ақынға Елі ежелден салады құлақ,
Көңіл шынары әйтпесе қалады құлап.
Қағида болған әрқашан Ата заңымыз;
Өзенге құлап қашанда ағады бұлақ.
Жырласа ақын – туған Ел тыңдамас қалай?
Көңіл шынары тым нәзік, қалады құлап!..
Жырым менің – мұңы емес қара бастың,
Ел ісіне бір жандай араластым.
Жұрт атынан сөйлеймін жырымды да,
Мұң жеңгендей кей-кейде дара басым,
Жыр-өлеңім – мұңы емес қара бастың .
Мұңдылы жан бір ғана мен бе екем?
Неше тиді, ағайын, сеңге шекең?!
Ода жазып, мұңды мен жырламас ем,
Болғанда егер халқымда «бел» де бекем,
Тұнжыраған тек қана мен бе екем?!
Қуаныш па?
Мұңым ба?
Басымдағы,
Ешқашан да, ешкімнен жасырмадым.
Неге, қалай?
Себебін айту оңай,
Дос деп білгем баршаны қасымдағы.
Жүрсем де әрең өзімді «айыпты» етіп,
Менмен болды дер ме екен байып кетіп?..
Не десе де,
Әйтеуір, осы күнді
Көрдім шүкір, сүрініп, тайып жетіп!
Құлназар Ибрагимов