Тәні бөлек болса да, жаны бөлек,
Дәні бөлек болса да, наны бөлек.
Қос халықпыз, ежелден дос халықпыз,
Жыры бөлек болмаған, әні бөлек.
Алпамыс боп ұлғайған ұландары,
Гүлбаршындай аруға жыр арнады.
Бабалардың дәстүрін жалғастырып,
«Доcтығымыз мәңгі» деп ұрандады.
Бахшысынан ақыны бөлінбеген,
Құшақ ашып «дос үшін төрім» деген.
Науайысы сөйлеген Абай болып,
Екеуі де еңіреп елім деген.
Қос халықта шын ақын, шын алып көп,
Ала көрме есіңнен шығарып тек.
Абайыңды аударса Насыр Фазыл,
Ғафур Ғұлам сөйледі Мұқанов боп.
Өзбегім – бек, қазағым – төре дейді,
Бауырластар бір дәнді бөле жейді.
Қос халықтың арасын алыстатпай,
Ташкентім тұр тербетіп Төле биді.
Ұлылардың болмаған қай дегені,
Қымыздай-ау өзбектің шай дегені.
Достықтарын паш етіп жатыр, әне,
Нұр-Атамыз құшақтап Әйтекені.
Тәуелсіздік туын да көтеріп тең,
Егемендік есігін ашқанбыз кең.
«Бір шынардың ен жайған бұтақтары»,
Бір көйлекке жарасқан жаға мен жең.
Ұлылыққа үгіттеп ұл-қызыңды,
Құранындай қастерлеп дәм-тұзыңды.
Әмір Темір бабамның арқасында,
Түркістанда медресе тұрғызылды.
Басымызға туған соң кеңшілік күн,
Ортамызда орнады теңшілік шын.
Мәңгі достық белгісі болып тұр ғой,
Көк сарайы көз тартар Елшіліктің.
Үміті – үлкен болғанда, сенім – ізгі,
Жүрген елміз толтырып кемімізді.
Достығымыз мәңгілік бөлінбесін,
Шекаралар бөлсе де жерімізді.
Құлназар Ибрагимов