Қарашығы көзімнің,
Бал шырыны сөзімнің.
Ай немерем өзімнің,
Ұйықтап қалғын әлди-ай.
Жарқырап жан сарайым,
Саған өлең арнайын.
Амандығың сұрайын,
Ұйықтап қалғын, әлди-ай.
Жүзінде нұр ойнаған,
Қызыл гүлім жайнаған.
Сандуғашым сайраған,
Ұйықтап қалғын, әлди-ай.
Әр таң тілек етіп ем,
Сені көптен күтіп ем.
Артық болсын несібең,
Ұйықтап қалғын, әлди-ай.
Ұзақ болсын өмірің,
Досқа толсын өңірің.
Бақыт берсін Тәңірім,
Ұйықтап қалғын, әлди-ай.
Мейірден тек балқығын,
Еркесі бол халқыңның.
Інжу-маржан алтыным,
Ұйықтап қалғын, әлди-ай.
Лала Жүнісқызы