Айтқаныңда жасырмастан ісіңді
Сені әркім өзінше бір түсінді.
Кей кездерде айта алмаймын, о тоба,
Жарыма да кейбір көрген түсімді.
***
Ойлап сөйле, лепірмегін, абайла,
Тыңдап тұр ғой сөздеріңді талай да.
Тұрғандардың біреуі дос, мыңы қас —
Мың құбылтып жеткізеді талайға.
***
Бұл пендең не көрмейді тірісінде,
Сын сенің тұрысың да, жүрісің де.
Бұл жалғаннан бір күні кетесің-ау,
Бітпестен күйбің-күйбің бір ісің де.
***
Мен де өзімше шатпақтадым, ептедім,
Сен де өзіңше шатпағыңмен ептедің.
Сөйте тұра біреулерге сын айттым,
Дегенменен дана болып кетпедім.
***
Көрмедім мен есердің,
Жөн сөздерге көнгенін.
Көріп жүрмін солардың,
Жанбай жатып сөнгенін.
***
Көп адамның білмейсің,
Ішіндегі наласын.
Араласаң жаманмен,
Тек ұятқа қаласың.
Боран Қыдыров
***
Бөдененің сайрауы —
Бөденепаз арманы.
Ойпаң-тойпаң болмай ма,
Тиын оған қалғаны.
***
Қанша сөйле, ақыл айт,
Жаман үшін жандағы.
Тазармайды бәрібір
Надандығы қандағы.
Боран Қыдыров