Мақтанам: «Мен Түркістан ұланымын»,
Тақырыбы сенсің көп жырларымның.
Бал бұлақты – Сайхунның еркесімін,
Қыр дала, Сыр бойының қыранымын.
Мекенім – ата жұртым бас иетін,
Меккеден кейін емес қасиетің.
Әкемнің туған жері – «Жаңа-қорған»,
Жаратқан «Тақыркөлден» несібесін.
Ташкент – кіндік қаным тамған жерім,
Шыршық, Бозсу, Сыр бойы – қонған жерім.
Шыназдықпын – «Чиночкент» тарихтың атамасы,
Ұрпағы Темір бабам қонған жерім.
О Түркістан, аңыз бен ертегіде,
Ер халқым елің үшін тер төгуде.
Өзіңде ғой тарихтың шежіресі,
Қобыз бен домбыраның пернесінде.
Аман ба, Шиеліде Нартай елі?
Манап ата айтыстың Алтайы еді.
Қаптаған Сырдың бойын қожа ақындар,
Жүруші ед сүлейлерін мақтап елі.
О Түркістан, кезек бер жырға маған,
Сен жайлы ақын бар ма жырламаған.
Ұла бабам Ахмет қожа Яссауиді,
Ақын бар ма ол жайлы сыр қылмаған.
Кеткенде Түркістаннан Тайқазаның,
Қайғырмаған айтшы өзің қай қазағым.
Ошағынан айырып ұлы жұртты,
Советтің біз көрмедік қай мазағын.
Мұқтаж боп, шапағат пен мейіріңе,
Көңілде дерт, күмәннан сейілуде.
Арыстан бап арқылы саған келіп,
Тәу еткен, мейір кіріп пейіліне.
О, Түркістан – мекенім құдыретім,
Перзентіңмін, е, тәңірім, шүкір еттім.
Дүниені таңқалдырып бір қаратқан,
Осы емес пе Түркістан құдыретің?!
Түркістан жайлы кімдер жырламаған,
Жыр дастан қып оқыған мың сан адам.
«Әл-Фараби» атында білім ордаң,
Оқып жатыр өскелең мыңдап балаң.
Атамекен елімді аңсап жүрем,
Ақыныңның өлеңін тыңда, далам.
Қаһарман Бекежанов