Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыс

Баянғали мен Әбдікәрім Манапов(Оңтүстік Қазақстанобл.)

Баянғали:

Тойында Сұлтанмахмұт ағылайын,

Көңілінен туған елдің табылайын,

Ауылына Бұқар менен Мәшһүр Жүсіп,

Елінен келіп тұрмын Абылайдың.

Смағұл сәлем айтты Жүсіпбекке,

Ағызған қара сөзбен тілдің майын,

Оқжетпес Жасыбайға қолын бұлғап,

 Бас иді Баянтауға Бурабайым,

Ассалаумағалейкум, қалың қазақ,

Өзіңежар болсын тек бір құдайым!

Ей, Баянауыл, бар қазақ,

 Есіне алды бүгінде,

 Сұлтанмахмұт заңғарды,

 Кіндік қаны заңғардың,

Көкшетауға тамған-ды,

Алаламай қазақты,

Халықтың ұлы болған-ды,

Кедейдің мұңын көп жазып,

 «Адасқан өмір»деп жылап,

«Кім жазықты?»деп сұрап,

 Елдің жайын зарлады.

Тазартпақ болған өлеңмен

Қарайып кеткен қандарды,

Өлеңменен сынаған,

Халықтың малын алғанды,

Қалтасынасалғанды,

Ағып өтіп жұлдыздай,

Қалдырған артқа арманды,

 Пушкин менен Лермонтов,

Тоқай, Байрон, Шелли мен,

Петефи мен Бернстің

Шоғырына барған-ды,

Жиырма жеті жасында

Мұншама дана болды-ау деп,

Бүкіл әлем таңғалды,

Тарихында қазақтың

Мәңгі-бақи қалған-ды!

Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,

Еске алған жөн бүгінде

Өмір бойы Махмұтты,

Зерттеп өткен кешегі,

Бейсембай мен Қалижан,

Бүгінгі Дихан тарланды.

Құттықтаймын бұл тоймен,

Баянтауға жиналған

Аталар мен аналар,

Құрбы-құрдас,замандас,

Мынау кішкентай балларды!

Ей, ағайын-туыс,құлақ сал,

Тіршіліктің қадірін,

Білдіріп тұрады өлгендер,

Сұлтанмахмұт өлеңі

Өліп еді-ау демеңдер,

Сұлтанмахмұтты еске алып,

 Тәубасына бір келсін,

Мойындамай Алланы,

Құдайсынып жүргендер!

Алдыңда біразырақ тақылдадым,

Құрдасым Әбдеш,саған жақындадым,

Бір кезде Сұлтанмахмұт айтыстырған,

 Дала мен қалалардың ақындарын

Дауысың Атырау мен Алтай барды,

Жұбаттың жас бала мен қартайғанды,

 Тірілтіп сырнайыңмен жүрсің өзің,

Кешегі Көпбайлар мен Нартайларды!

Өлеңнің жылқы ұстайтын құрығысың,

Кешегі Манап атам сынығысың,

Киелі Түркістанда тұрып жатқан,

 Қаланың көк тіреген ұлығысың!

Әбдешім қала ақыны бола алады,

Біздермен түйдей құрдас саналады,

 Ал, қане, серпілтіп бір жырлап жібер,

 Отырған аталар мен аналарды.

Қаланың ақыны боп айтып көрші,

Ауылдар ылғи неге тоналады?

Ет пен жүн, сүт пен майын тегін алып,

Жатқаны анық бүгін қалалардың,

Әділет қашан бізге оралады?!

Әбдікәрім:

Алқалы ел, аманбысың-ау,

Арқа сүйер қорғаным,

Әріптесім,аман ба,

 Бала-шаға, үй-жайың?

Бау-шарбағың, орманың,

Финалға алып шығыпты-ау,

Ақынның кілең зорларын.

Баянауылдың төрінде,

Сұлтанмахмұт өскен жерінде,

Келіп тұр сөзді толғағым.

Қызыл көрген қырандай,

Қанатымды қомдадым,

Көкшетаудың серісі,

Ән мен жырдың перісі,

Баянмен түстім сайысқа,

 Әзірет Сұлтан бабам қолдағын!

Торқалы мынау тойына,

Сұлтанмахмұт атаның,

Танытқалы келгенмін

Түркістанның шаһарын,

Екінші Мекке аталған,

 Қазақтың Тәж-Маһалын,

 Біле білсең,жұртым-ау,

Баян да менің қатарым,

Шығарып салған ел-жұртым

Сәлем айтып сіздерге

Оң болсын деп сапарың,

Бір-екі ауыз мен айтып,

Кетпек болдым ағайын,

Елге мәлім атағын!

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?»

Мұздаған елдің жүрегін

Жылытуға мен кіремін,

Осылай ақын талқыда,

Алқына айтқан жері бұл,

Білім менен ғылымға,

 Өнерге үндеп қазағын

Шарпыла айтқан жері бұл,

Жасамаймын еңбектің

Жемісін көзбен көрем деп,

Жасаймын бір қолғабыс

Кейінгіге берем деп,

 Осылай ақын халқына

Үнін қосқан жері бұл,

Жаңашаға бет бұрған

Егеменді жұртына

Жырын қосқан жері бұл,

«Адасқан өмір», «Кедейді»,

Жазып берген жері бұл,

Өзің айтқан жаңағы,

Қала мен дала ақынын,

Айтыстырып, татуластырып,

Бағыт берген жері бұл,

Талайларға қуаныш

Алып келген жері бұл,

 Талай-талай ақынға,

Шабыт берген жері бұл,

«Кім жазықты?»бұған деп,

Қамыққан да жері бұл,

Айдай мынау әлемге,

«Қамар сұлу»секілді

Шығармасын ақының,

Танытқан да жері бұл!

Біразырақ тоқталдым

Ағамызға баяндап,

Енді өзіңе,Баянжан,

Оралайын аяңдап,

Бір басыңа қырық өнер

Жиналардай жансың ғой,

 Па, шіркін деп, әр уақыт

Сыйлағандай жансың ғой,

Кейбіреулер сыртыңнан

Түсіне алмай сандалад,

Қазақ түгілі,қырғыздың

Манас жырын жырласаң,

Шоң қырғыз ба деп қалып,

Сыртыңнан сенің таң қалад,

Мықты екенін Баянның

Әркімдер-ақ аңғарад,

Баянмен түсер сайысқа

Ақындар да қамданад!

Қала ақыны бол деп сен менен,

Өтіндің бе,Баянжан,

Дала ақынның мәртебесін

Өсірдің бе, Баянжан,

Алматыдан кетіп ең,

Қалада үйір болдың да,

 Далаға барып, қарағым,

 Дала ақын боп,Баянжан,

Жетілдің бе,Баянжан?

Алматының намысын

Талай жерде қорғадың,

Алматыда қалған жоқ па,

 Бау-шарбағың, орманың,

 Қалай бүгін аяқасты

Дала ақыны боп қалғаның?

Қалай да бүгін толғадың?

Қалай бүгін қырандай

Қанатыңды қомдадың?

Алдымен келісіп алалық та,

Сонан соңтүйдектетіп көрерсің,

 Өлеңіңнің жолдарын!

Баянғали:

Айтысты енді қызық салайын кеп,

 Алдыңда туған елім, ағайын кеп,

Мен кеткем Алматыдан ауылыма,

 Ауырған анашымды бағайын деп,

 Қолымнан аттандырып анашымды,

Ықылас ақ батасын алайын деп,

Қалада қу аяқ боп жүргенше мен,

Аттанғам туып-өскен ауылымда,

 Еңбекпен адал тамақ табайын деп!

Жағдайын туған елдің білейін деп,

Өзіңді айтыстарда ілейін деп,

Аттанғам туған елге,

 Әбдікәрім,

 Ішінде қойшылардың жүрейін деп!

Ей, ағайын-туыс,құлақ сал,

Әрлі-берлі өлеңмен,

Әбдешті біраз зарлаттық,

 Сырнайымен сарнаттық,

 Талай сырды аңдаттық,

Ауылдың жоғын жоқтап біз

Сұлтанмахмұт орната алмай кеткен әділетті

Ауызбенен орнаттық!

Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,

 Қырғызша жырлап бер десең,

Қырғызша жырлап көрейін,

Әбдешімнің бүгінде

Жанына таман келейін,

Әбдешжаным даладаТ

алай да талай күй қылған,

Халықты талай жидырған,

Көмбедегі көп күйін

Сырнайына сыйдырған!

Әбдешімді көргенде,

Туған елі қуанған,

Жылаған бала жұбанған,

 Меніменен айтысқа

Шығып кепті балуандай,

Қос білегін сыбанған,

 Айта берсе Әбдештің

Өлеңі әр кез үдеген,

Қиындықтарды тілеген,

Отыз жеті жасында,

Әкесінен айырылып,

Жетім қап әбден жүдеген!

Ей, Әбдешжан,әр кезде,

Жырлап жүрсің елім деп,

 Мен өзіңді сыйлаймын

Алтынды туған ерім деп,

Ұрынатын саған да

Менің де бүгін жерім жоқ,

 Менің де үйде әкем бар,

Жетпістен асқан бір жетім

, Оны тастап, халықтың

Алдында мәз боп өлең айтып,

 Қыдырып жүрер жөнім жоқ,

Әбдешім, саған айтатын,

Сөзден менің есем бар,

Алдыңызға қараңыз,

 Қымыз толы кесең бар,

Менің жетім әкем бар,

 Сенің жетім шешең бар,

Бір қызықты жасайық,

Батасын алып халықтың,

Кемпір-шалды қосайық!

Ей, Әбдешжан,айналдым,

 Келер болсаң еліме,

 Әкемді менің сүйіп кел,

 Мені шіркін бауыр деп,

Тілегіңмен ұйып кел,

Қожа-молда жиыпкел,

Өзің оқып дұғасын,

Кемпір-шалдың некесін

Мына өзің қиып бер!

Әбдешжан,өлең сөзде өрлейміз бе,

Отырған ағайындар күлмейміз бе,

Екеуміз кемпір-шалды қосып қойып,

Қыдырып, қол ұстасып жүрмейміз бе?!

Әбдікәрім:

Жігітте де жігіт бар,

Азаматы бір бөлек,

Тұлпарда да тұлпар бар,

Қазанаты бір бөлек,

 Жасыңнан-ақ,Баянжан,

Мен өзіңді әрдайым

Азамат деп таныдым,

Алты ай шапса арымас

Қазанат деп таныдым,

Манас жырын жырласаң

,Ғаламат деп таныдым,

Десек те кейбір сөзбенен

Келеді мені жанығың,

 Алдырмас бір жаңғақ қой,

Оңайлықпен Кәрімің,

Айтыспасақ бұл жерде

Қос боз атқа тағы мін,

Меніменен айтыста

Құрдас болып Баянжан,

Сенің де бар ғой салымың,

 Көңілдердің толтырдың,

Жетім де болған жарымын,

Сүйеймін деп әкеңді,

Артылды ғой халыққа,

Қазір де мынау қадірің,

 Айтайын бірер сөзбенен

Әзілдің де анығын!

Ақымаққа мен сені

Тұрған жоқпын балап та,

Ілініп жүрген бір ерсің

Қазақтағы санатқа,

Десек те тоспай болмады,

Жолыңды бүгін,

Баянжан,Жарат мейлі жаратпа,

Нең бар еді марқұм боп

Кеткен ағаң Манапта?

Қай-қай жерде мықты деп

Жұрт та аузыңа қарап па,

Десе тағы әзілің

Келер ме екен талапқа?

Деп айттың ғой шалым бар,

Асқаралы бағым бар,

Шал жүрген жерде қадірмен,

Қасиет бар, таным бар,

 Менің дағы анам бар,

 Алысқа кетсем алаңдар,

Қандай адам ата-анасын

Перзенті болып туғасын

Сірә дағы жамандар,

Перзенттік борышын

Өтеп жүрген адам бар,

Мені де соған санаңдар,

Байқап тұрсам

БаяннанБізге қарай басатын

Әзілге қалжың қадам бар.

Құда түсіп отыр ғой

Шешемізге байқадым,

 Осы ма еді,Баянжан

Көптен тосып айтарың?

Дұрыс бопты ендеше,

Мен де бір жүрген байтағың,

Деп отыр ем әзілмен,

Қалжыңменен бітіріп,

 Бұл айтысты қайтамын

.Құда түсіп шешеме,

Дайындалып жатыр меең,

Бере ме, әлде бермей ме деп,

Уайым басып жатыр меең,

Ыңғайланып әйтеуір,

Жинақталып жатыр меең?

Жарайсың ба,әке,деп, Қинап тағы жатыр меең?

Мына отырған құрдасты

Сыйлап тағы жатыр меең?

Талай жерде жорытқан,

Ақындықтың қыр-сырын

Жас едің ғой мол ұққан,

Сырдың суы келмейтін

Сен де бір ерсің тобықтан,

 Десек тағы қарсы алдыңда

Қазған ормын жолыққан!

Қырық жасқа жеткенде

Ақылың жетсе,оны ұққан,

Әлі дағы күйдім-сүйдім,

Аса алмай жүрген секілді

Көрінесің солықтан,

Десек тағы әзілге

Шын жауапты берейін,

 Сенің дағы қалмасын

Пәс түсіп те мерейің,

Шапқан да аттай депотсың

Осы да жерде-ау желейін,

 Әкең әлі жараса,

Ауылға барып анаммен

Ақылдасып келейін!

Баянғали:

Әбдештің ақындығы анықталар,

Мен дағы жан емеспін салып қалар,

 Өзіңнен жылы хабар келіп жатса,

Әкеміз ауылыңа барып қалар!

Демеймін біздер босқа түтіндейік,

 Әбдешжан, жаман сөзбен күтінбейік,

Әзіл ғой, жарым-жарты екі қарттың

Көңілін күлкіменен бүтіндейік!

Анаңды мен құрметтеп,ана көрдім

, Алдында ойға-қырға шаба бергін,

Әкеңнің орнын ұстап анашыңыз,

Әлпештеп анаңызды баға бергін!

Халықтың мен тілеймін жарасымын,

 Ел-жұртым тапсын тойда бар асылын,

Мен дағы әке бағып үйде жүрмін,

Орынын бастырмайм деп анашымның!

Бірталай жайды біздер баяндадық,

Тағы да айтам сізге, оян, халық,

Жюрилер уақыт бітті дейді мұнда,

 Қайтеміз, Әбдеш,енді тәмамдалық,

 Көп болса қадірі де кетіп қалар,

 Қос құрдас құшақтасып аяңдалық.

Туған ел, сендерсіңдер бас иетін,

Өсіре бергін елдің қасиетін,

Ағалар елді алға бастай берсін

Еске алып Сұлтанмахмұт өсиетін!

Әбдікәрім:

Батыр адам сөйлесе,

Жауға шапқан ұрандап

Байрағын да айтады,

Шаштараз адам сөйлесе,

Пышағын алған өткірлеп

Қайрағын да айтады,

Ақымақ адам сөйлесе

Ақылыңа қонбайтын

Қайдағыны айтады,

Деп ойлап ем алдында

Өкпелеп,досым,қалдың ба?

Сен дағы бір асылы

Едің мынау жанның да,

 Әкеңді,қалқам, сенің де,

Әкемнен кем көрмеймін,

Ал әке мен ананың

Алдында деймін өрлеймін,

Деп отсың ғой анамның,

Орынын да бермеймін,

Оған сені қалайша,

Баян ақын, көн деймін?

Әкемнің орнын жоқтатпай,

Өзім енді емдеймін,

Бақытты бол,Баянжан,

 Деп тілеймін сен деймін!

Әрқашан да табысың,

Табыстан тек өрлесін,

Еш жамандық досымыз,

Деп ойлаймын көрмесін!

Сөйлейтін де уақыт жоқ,

Мына отырған жюрилер

Уақытты шектеп бергесін,

 Сыртқа шығып көрерміз,

Жалғастырып екеуміз

Қалған сөз болса өңгесін!

Жүрген жаным бұл еді

Бұрыннан-ақ достасып,

Әзілмен талай шоқ басып,

Әзілмен талай от басып,

Жюрилер айтты деген соң,

Сөзден де қалдық тоқтасып,

Кім бар, кім жоқ келгенше,

Қайта айналып көргенше,

Мына отырған қауыммен

Кетейік енді қоштасып!

   

        Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *