Баянғали мен Нұрхан Түймеқұлова /Өзбекстан/

Баянғали:

Өзіңсің беу, ағайын, сүйенер көп,

Қолыңды соғарсыңдар сүйемелдеп.

Бекарыс ботақанның орынына,

Отырдым ұялмастан түйедей боп.

 Білесіз ақындардың мұңды бәрі,

 Оны да ашып жұртым сыр қыламын.

Қосжан мен Нұралыны есіне алған,

Бөгенді әр жерде мен жыр қыламын.

 Монтиып, жұп-жуас боп алдыңызға,

Кеп қалды кешегі енді жындыларың.

 Ағайын, енді мені қоштағасын,

Ақының құлаш қалай тастамасын.

Сыртыңнан біреу арыз жазып жатса,

Ақ жының қалай енді ұстамасын!

Бөгенім, айналайын,аталым ең,

Сүюші ем бәріңді мен қатарыңмен.

Сахнаға енді шыға бергенімде,

Ту сырттан біреу енді арыз жазып,

 Орыстың атты мені мақалымен.

 Ағайын, қолың соқсаң,самғаймын ғой,

 Өзіңе талай жырды арнаймын ғой,

Артына аты-жөнін жаза салса,

Мен оның басын кесіп алмаймын ғой.

Жалғаннан ақын да өткен, ғалым да өткен,

Мұңды боп асылдардың бәрі де өткен.

Сұм заман,білесіңдер,қазағымның

Асылын талай-талай жазым еткен.

Солардың біле-білсең түбіне енді,

Әлгіндей доп-домалақ арыз жеткен.

Елбасын жадылатпай, дуалатпай,

Ондайлар ел арасын былғамақ па-ай.

Ондайды ортаңыздан қуу керек,

Шірітер қарын майды құмалақтай!

Бәйгеге достығымды сала алмаймын,

Мен өзім арсыздыққа бара алмаймын.

Еңбегім сіңбесе егер, беу, ағайын,

Достықпен мен бәйгені ала алмаймын!

Алдыңда,ағайындар,өлеңді өрем,

Қымбатты жерім еді Бөген деген.

 Азырақ ыза болсам айып етпе,

 Жанымды жайып салдым өлеңменен!

Жігіттің біреуі едім еліме алаң,

Бөгенім, бөтен емес мен де балаң.

Менболсам, бәйге алатын бұл айтыста

Алмаймын жюридегі достарымнан,

Отырған Бөген елі, сенен алам!

Бұл сөзім елге тарап кетер деймін,

Жаңағы арызды енді бекер деймін.

Бәйге іздеп келгенім жоқ Бөген елге,

 Ел-жұртым, разы болсаң,жетер деймін!

Айтысқа құрметтеген асығар көп,

Дауысы ақындардың ашылар деп.

Шығарды бүгін мені апамызбен,

Ақ жыны бұл тентектің басылар деп.

 Нұр-апа, жарқырасын атар айың,

 Қасына жақсылардың апарайын.

Өзіңді Абаш кеше жеңгелеп ед,

Мен сені туысым деп апалайын!

Айтысқа апам бүгін шықты-ау деймін,

Мәнісін әңгіменің ұқты-ау деймін.

Өзі-нұр, өзі-хан ғой мынау апам,

Бұл өзі Нұрсұлтаннан да мықты-ау деймін.

Е-е, айта берсем,ағайын,

Айтатын сөзім ағылады,

Апамызбен айтысып,

Көрсем бүгін нағылад.

Деген шығар жюрилер

«Жігітпенен шығарсақ,

Мына жынды тағы да

Ағыл-тегіл қағынад».

Десек тағы апаммен

Әзілдесіп айтыссам,

Бұған да жыным табылад!

Е-е, апатай, құлақ сал,

Сіздерменен айтысса,

Кейбіреулер әзілдеп,

Сөз қозғайды өзбек деп,

Айта берсем ар жағын,

Кетеді ғой сөз көп боп,

Мен айтамын, апатай,

Оның бәрі әншейін

Қылжақ қана, мазақ деп,

Е-е, Қытай менен Қырымда,

Балқан тау мен Ұрымда,

Шығыс пенен Батыста,

Канада мен АҚШ-та,

Қай жерде де жүрсе де

Қазақтың аты қазақ деп!

Сөз сөйлейін алдыңда

Айналайын апам деп.

 Толғап жібер жырыңды,

Сен де мені айналып,

Кәдімгідей «ботам»деп!

Нұрхан:

Жақсы екен үлкендердің баталары,

Болмасын қос ақынның сахнада қаталары.

 Алдыма шығып отқан Баянғали,

 Білесіз жындылардың бұл өзі атаманы.

 Болмайды,Баян інім,көсілмесең,

Маған да болмас деймін шешілмесем.

Інім-ау, ақылың сенің қайда деймін,

Осында ақылсызды кешірмесең.

Дәл бүгін осы жерде жайланайын,

Інім-ау, қалай ғана алдыңда сайрамайын?

Жалықпай үш күн бойы келіп отқан

Халқымнан осындағы айналайын.

 Өткіздік қос алыптың ұлы тойын,

Боп жатыр біз келгелі, бауырлар, үлкен ойың,

Баянжан, сен боп, мен боп сахнада

Айтыстың көтерейік абыройын.

Алдыңда отырмын ба бөтен елдей,

Бір елдің ақыны едім намысын көтерердей.

 Алдымен қос алыпқа жыр арнайын,

Ылағып мен бір жаққа кете бермей.

Бұл апаң қалай айтсаң төзінеді,

Мықтысың, апаң да ғой өзіңді сезіп еді.

Алпыста Қосжан ағам жас қайтқан ғой,

Ойласам сол ағаны бауырым езіледі.

 Бауырлар,қиын екен өлім деген,

Бұл ажал еш пендеге көрінбеген.

Осындай асылдарды жырлағанда,

Жүрегіжан бар ма екен езілмеген.

 Кеп қалдым Қосжан аға ауылына,

Бас ием қос алыптың қауымына.

Осында Қанат інім отыр дейді,

Шықсыншы бір қысайын апа боп бауырыма!

Білемін сен де,інім, арман едің,

Алдында бұл апаңның ардақ едің.

Апаңды әрмен қарай жалғап жібер,

Ішінде ақындардың тарлан едің.

 Баянғали:

Ағайын-туыс,құлақ сал,

 Жалғамасам ұят-ты,

Апамыздың кеудесінен

Ақындарға арналған

Ағыл да-тегіл күй ақты.

 Қуандым мен де,ағайын,

Бауырыма басып жаңа бір,

Қанат деген осында

Қосжаннан қалған тұяқты!

Айтатын болсам,ағайын,

Көңілден өлең саулайды.

Маңдайына қарасам,

Жаңа келген Қанатым

Қосжан ағамнан аумайды!

Қосжан ағама қарасам,

Ай маңдайы ашылған,

 Көздеріне қарасам,

Мейір, шуақ шашылған.

Мына жақтағы Нұралы

Атамызға қарасам,

Ақ сақалы жайқалған,

Маңдайдағы әжімнен

Ойшылдығы байқалған.

Кім біледі, бұлар да

Өз кезінде қорлықты

Көрді ме екен әлгіндей

Арыз жазғыш сайтаннан!

Айналайын алдымда

Мына отырған ападан.

 Айнал дедім бұған да

Мендей ерке ботадан.

Бірақ тағы апамыз

Жаңа маған ат қойды–

«Жындыларға атаман».

 Айналайын апамнан

Артындағы інісін

«Атаман»деп атаған!

Айтуға да болады

Осы тойда жырауға,

Болмайды ғой апаңды

Қатты-қатты бұрауға.

Е-е, жынды жайын қозғап ем,

Сау емес қой мынау да!

Айтайын тағы сөзімді,

Жырымыз бірдей ұғылған,

Көңілім саған бұрылған.

Жасыл бөркі басында,

Қызыл шапан үстінде,

Көк көйлегі көлбеңдеп,

Кең Тәшкеннің көшесін

Апам басып шыққанда,

Өтіп бара жатқанның

Бәрі бұған бұрылған.

 Өзбектердің барлығы

Апамызға ғашық боп,

Талып бәрі қырылған.

Беу, апатай, айналдым,

Сөзге көңіл бөліңіз,

Шындықты айтам,сеніңіз.

Барғаннан соң,апатай,

Мына күндей келбетпен

Өзбектердің Президенті Каримовты

Айналдырып көріңіз!

Мен,апатай,өзіңе,

Жүк болатын кеп айтам,

Ел алдында бек айтам,

Каримовпен дос болып,

Өзбек қылыпжаздырған

Қазақтардың барлығын

Қазақ қылып берсін де,

Міне осындай деп айтам!

Нұрхан:

Отсың ғой жақсылықты жеткізе алмай,

Ойыңнан асыл сөзді, демеймін көп тізе алмай,

Соншама мақтай бердің бұл апаңды,

 Інім-ау, отырсың ба бұл елге өткізе алмай!

Алдыңда,асыл халқым,толқып тұрмын,

Мінеки, жыр өзенде осылай шалқып тұрмын.

 Кешегі Шорабектей ұра ма деп,

Халқым-ау, артық сөйлеуге інімнен қорқып тұрмын!

Баянғали:

Беу, апатай, құлақ сал,

Тағы да қызық ән қылам,

Әр сөзімді мән қылам.

 Бұзық болса қылығың,

Мына сені сабаудыЖездемізге қалдырам!

Мен сізге елге қызмет қылсын дедім,

Қиялын үлкен сөзге бұрсын дедім.

 Өзбек боп жазылған енді талай қазақ,

Қайтадан қазақ болып жүрсін дедім!

Айтып ем мақтауыңды жеткізбек боп,

 Отқам жоқ мына көпке өткізбек боп.

Ел жайын апатайым айтып едім,

Кеттің ғой өз жайыңды көп тізбектеп!

Байқаймын, беу, апатай, арқалысың,

Арқалы топ алдында жортары шын.

 Қазақты қазақ қылып жаз деуге сен,

Немене өзбектерден қорқамысың?!

Нұрхан:

Алдыңда мына апаң сайрайды ғой,

Жаңағы өзің айттың, сондай боп жайнайды ғой.

Ертең-ақ экранда көрсе,інім,

 Біздерді сол өзбектер сен жаққа айдайды ғой.

 Бұл апаң қалай ғана төгілмесін,

Жүректен жыр найзаны Баянжан төндіргесін.

Өзбек деп отырсың сен осы арада, Экраннан бұл сірә,көрінбесін!

Баянғали:

Апамыз төгіп-төгіп сайрайды ғой,

Бұл дағы елдің жайын ойлайды ғой.

 Өзбектер қанша ұрсады десең дағы,

Өзбек боп жазылуға болмайды ғой!

Дейсіңіз өзбек бермен айдайды ғой,

Олардан қорқуға да болмайды ғой.

Елің бар өсіп жатқан қазақ деген,

Кеп қалсаң,жанын салып қорғайды ғой!

Ағайын елдің жайын толғайды ғой,

Әрине, теріс сөйлеу болмайды ғой.

Ақындар ел ішіне дәнекер боп,

Әрқашан достық жібін жалғайды ғой!

Отырып осы жерде боздаған көп,

Әр нәрсе елдің жайын қозғаған көп.

 Өзбекті қазақ халқы құрметтейді,

Әр кезде бірге туған өз ағам деп!

Демегін бір сөзді сен қайталадың,

Мен өзім сөзді талай айта аламын.

Тәшкенге, қалың өзбек бауырларға

Біздерден достық сәлем айта барғын!

Бұл сөзді, беу, ағайын,бағалағын,

 Білемін, жардың шетін жағаладым.

Біз енді өз ағамыз деген өзбек,

Сіздерге көрсетсін дейм ағалығын!

Нұрхан:

Деп едім апаң сөзге төзінеді,

Құлпырып заман шіркін кезі еді.

Соншама өз ағам деп жүрсек тағы,

Інім-ау, білесің ғой, ретінде сезіледі.

Аулыма мен шақырсам,келесің ғой,

Апаңның адалдығын сонда сен білесің ғой,

Сарайда айтыс жасап жатсақтағы,

Өзбектің өзбектігін сезесің ғой!

Отырмын осы арада көңілім тасып,

 Тойына қос атаның үлес қосып.

Жиылып өңшең қазақ той жасасақ,

Жүреді өзбек сонда ішінде араласып.

Кеп отыросы араға аналарым,

 Жақсысын айтып мен де сараладым.

 Өзіңдей келешекте ақын болып,

 Жалғасын өнеріңді, інім-ай, балаларың!

 

                   Б.Әлімжанов

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *