«Өнер жолы соқпақты, шыдағанға шығарған»,
Абай ата – ғұлама осы ойға тоқтаған.
Қара өлеңі қазақтың киелісі әуелден,
Аты өшпес ақынның сөз асылын саптаған.
Бұйырмайды әркімге қазақтың бұл өнері,
Жұқтырады Тәңірі пендесіне сетерлі.
Жазып жүрген жандардың ақын емес бәрі де,
Тыңдаушының көңіліне нұр шашпаса өлеңі.
Оқырманның ойлысы таңдап алар керегін,
Сөз кенінен сол үшін тек жақұтын теремін.
Өз атымен басталып өрілген әр өлеңім,
Бағаланып келеді мұны көптен сеземін.
Дегенменен әлі де қарызым көп өлеңнен,
Жақұт өлең жазам деп іздеп келем тереңнен.
Санасына ой салып, жақсылыққа жеткізер,
Оқырманға бір күні сол өлеңді берем мен.
Ескендір ЖҮНІСұлы,
Ташкент қаласы