Түркімен Адай
(ІІ нұсқа)
Қосай ауылы жаз болса, Сырға қарай көшіп, қыс айларында Әмудің солтүстігін қыстап қайтып жүреді екен. Бір жылы көктемде Әмуден өтерде Қосайдың көші мал-мүлкімен, үш баласы, алты немересімен ұйыққа тап болған суға кетеді. Жасы алпысқа келіп қалса да қайраты қайтпаған Қосай жағаға жалғыз шығады.
Сол кезде жапсар жатқан түркімен ішінде Сары деген батырмен Қосай қияметтік дос екен дейді. Тағдырдың жазуымен қара сопайып қалған Қосай досына Сары батыр түркіменнің оғылмеңді деген қызын айттырып, алып береді. Сол түркімен қызына қосылған соң Қосайдың кіндігінен: Байбол, Бәлі, Тіней, Сүйіндік, Әйтен, Бегей атты алты бала туады. осы алтауынан өрбіген ұрпақ «Түркімен Адай» деп аталады. Адайлар өз ішінде бұл алты баладан өсіп-өнген ұрпақты айырып атау үшін «Алты Қосай» деп те атайды.
Қосайдың алты баласының бірі Сүйіндіктен тараған ұрпақ өз алдына бір ауыл болғанда көшіп-қонуға ерініп, бір орында сары жұрт болғанша ұзақ отырады екен. Содан, былайғы жұрт оларды «Жаман адай» деп атап кетіп еді дейді.