Шеркеш ұрпақтары туралы аңыздар
Шағырай, Шенеш, Шеркеш—үшеуі бірге туған ағайындар болса керек. Шағырай батыр болыпты, үйленбеген жас жігіт кезінде жаугершілікте елі мен жері үшін соғысып жүріп, мерт болады. Артында тұқым жоқ болса да, аты ұмытылмасын деп, Шағырайдың атын ұранға шығарады. исі Шеркештің ұранының «Шағырай» болуы содан.
Шенеш жасы жетіп қайтыс боларында, Шеркешті шақырып: «Менің бес балам саған аманат, көз болып жүр!»—деп тапсы рыпты. Шенештің бес баласы именшектеу болып өседі. Шеркештің балалары олардан жастау болса керек. Шеркешке мал біткен, дәулетті адам болыпты. «Батыр аңқау, ер әңгүдік» деген бар емес пе, бірде Шеркештің ауылының үстімен құлан үйірі өтеді. Түз тағысы көз алдарында құлдыраңдап бара жатқанын көріп шыдай алмай, ауылдың ат жалын тартып мінетіндері жапа-тармағай қуа жөнеледі. Сонда, Шенештің бір баласына ат жетпей қалып, желіде тұрған биені міне шабады ғой. ол көк бие Шеркештің малының басы екен. Құланды қуып жүргенде сол көк бие зорығып өледі. Сонда, Шеркеш: «Әй, қырылғырлар-ай, он қос жылқыдан мінетін ат таппадыңдар ма, малымның құтынан айырдыңдар-ау!»—деп налыпты дейді.
«Ата қарғысы—оқ» деген, содан көп кешікпей елге жау шауып, соғысқа аттанған Шенештің бес баласы бірдей опат болады. Бұл хабарды естігенде Шеркеш: «Ағамның бес баласын өзім қарғап өлтірдім-ау, есіл бауырым-ай, тұқымсыз қалдыңай!»—деп күйзелген екен дейді.
Арада біраз уақыт өткенде Шеркештің бәйбішесі қуаныш ты хабар айтады: «Тұр, басыңды көтер, қайғырма, ағаңнан тұқым қалды, бір келіннің аяғы ауыр екен!»—дейді.
Айтқанындай, айы-күні жетіп, Шенештің келіні арыстай егіз ұл табады. олардың бірінің атын—Қосым, екіншісінің атын Досым қояды. осыдан кейін Шеркеш басқа келіндеріне әмеңгерлеріне қосыла беруге рұқсатын береді.
Қосым мен Досым ержеткен соң Шеркеш: «Қосым мен Досым бөлек қос болсын!»—деп, еншісін бөліп, бөлек ауыл етіп шығарады. Бөлек шығарарда дәстүр бойынша боз биені сойып, бірлік-пәтуа үшін бармақтарын қанға батырғанда, Шеркеш тұріп: «Қосым аға баласы, жолы үлкен. Бұдан былай менің алпыстағы ұрпағым Қосымның алтыдағы ұрпағына сәлем беретін болсын! Бес Шеркештің ағасы Қосым болсын!»—деп өсиет етеді. Күні бүгінге дейін жөн білетін Шеркеш баласы бұл өсиетті бұзған емес…
Шеркеш ішіндегі Қылыш—Кестен атасынан өрбіген Балпық деген кісінің алты бірдей баласы жау қолынан қаза табады. Балпық сол кезде сексенде екен. Бала күйігі оңай ма, өзі қол бастап барып, қалмақ елін шабады. Сонда жау елінде тұтқын болып жүрген бір бала кезігеді де: «Ата, мен қазақпын, жау қолында қалдырмай, елге ала кетіңізші!»—деп шырылдайды. Балпық баланы елге алып келіп, қолына асықты жілік ұстатып, бәйбішесінің омырауын иіскетіп, өзіне бала етіп алады. Сонсоң, Қылыш—Кестен әулетіне тілекші болсыншы деп, атын «Тілекші» қояды.
Шеркеш ішіндегі Қылыш—Кестен—Тілекші аталарының жай-жапсары осындай. Қазір баяғы жау қолында кететін ба ла Досымның ұрпағы тілекшілер екеніне бірде-бір Шеркеш күмәнданбайды.
Қосымнан Мырза, Шора туады. Шора туғанда, көргендер таң қалыпты дейді: «Ана құрсағына осындай ұзын бала да сияды екен ғой!»—деп. Бала құрсақта екі бүктетіліп емес, үш оралып жатқан ғой. Содан, оның әуелгі аты «үшора» болады, жүре келе «Шора» болып кетеді.
Шора өсе келе бойы мейлінше ұзын болып, жеңгелері оны: «Қатыңқы қара» дейді екен. Сол атау алдымен «Кәтеңке» болып, бара-бара «Кәтеней» атанып кетеді. Шеркеш ішіндегі «Кәтенай» атанып жүрген ру—сол Шораның ұрпақтары.