Қайыпберді мен Қалпелер хақында
Ағымсары ішінде ағайынды Қайыпберді, Қалпе дейтін аталар бар. Қайыпбердіге қарағанда, Қалпелер аз ауыл. Ежелгі ел тарихын жақсы білетін қариялар Қалпелердің неге аз екенін әрі кешігіп, кенжелеп өскенін былай деп айтып түсіндіретін еді.
Қалпе атадан Желкілдек жалғыз туады. Мәйеке—екінші жанама аты. Қалпе ауылының әйелдері ат тергеп Желкілдекті «Майеке» деп атаған. Ал Желкілдектің жеті ұлы болыпты. Же теуі жеті түрлі кәсіппен айналысады екен, соның бірі—Ботбай. Ботбай болса батыр шалыс, өр мінезді тәкаппар болып өседі. үнемі бес қаруын белінен тастамай асынып жүреді екен. Бір күндері ауыл жігіттерімен бірге бір жортуылдан қайтып келе жатып, ат белін суытып аялдайды. олжаға түскен жылқы лар дың біреуін сойып болған соң үлкендері Ботбайға: «Жа қын маңда ауыл болса, қазан сұрап кел!»—деп, жұмсайды.
Ботакең бір ауылға келсе, қыз-келіншектер жиналып үлкен тай қазанға көже қайнатып жатса керек. Қазан иелері: «Ішінде көже тұр, қалай береміз» дейтін көрінеді. оған қарайтын Ботбай ма, тез арада бере қоймадың деп үзеңгіден аяғын шығарып қазанды төңкере төгеді. Енді еңкейіп алдына ала бергенде, қазандағы шала төгілген көженің біразы атының жалына құйылып, жидіп түскен.
Сонда қыз-келіншектердің біреуі тұрып: «Құдай бар болса, Желкілдектің жеті ұлы өліп, жетім қалсын Ботбайы» деп қарғаған,—дейді. Содан көп ұзамай алты бауыры бірдей өліп, Ботбай ғана жалғыз қалыпты.
Ботбайдан—Кемпір, бұдан Есіркеп туады. Есіркептің Жалтыр мен Наурызбай деген екі ұлы болған. осы Наурызбайдың ысқақ, Толыбай дейтін балалары бір жылдары Шу өзені бойында тұратын Дулат еліндегі Құлшық, Жарғақ деген нағашыларына көшеді. Елден көшкен кезде бұлардың кішірек бір баласы адасып, осында қалып қояды. Бір күндері Жаркент князы (ұлы татар) Шаныш деген бай көпес кездесіп жетім балаға пана болыпты. Баланың есімі Санай екен. үйіне әкеліп өз баласындай бағып, өсіреді. Санайдан бұрын Шаныш байда бала болмаған деседі. Санай бұл үйге құт болып, көп ұзамай әйелі бала көтеріпті. Бірінен кейін бірін туып қатарынан екі ұл көреді. Аттарын ұйқастырып Батырқан, Қасымқан деп қояды. Сонымен Санайды қосқанда үш баласы болған.
Санай ержете келе ақылды, қайырымды, өте пысық, алғыр жігіт болып өседі. «Ел құлағы—елу» деген, біреуден-біреу естіп, Кетпен тауындағы туыстары Санайды іздеп Жаркентке келеді. Бала бауыр-буғандарымен табысқан соң, енді өзінің ел-жұртына кеткісі келеді. Бұған кейінгі өкіл әкесі Шаныш та қарсы болмаған, қайта біраз мал-мүлік беріп, амалсыз шығарып салған деседі.
Бұлар Іледен өтіп Тастықараның тұсына келгенде Қоңырбөрік еліндегі Қырғызбайдың көшіне кезігіпті. Сол жерде Қырғызбайдың Тінікей атты бойжеткен сұлу қызына Санайдың көзі түседі. ол күні кеш болғандықтан, барлығы бірге қона ды. Ертесі Санайдың ағалары: «Қызыңызды берсеңіз, құда болсақ»,—деп Қырғызбайға қолқа салады. Бірақ қыз әкесі оларды онша менсіне қоймаса керек. Айдаған малын соларға та быс тап, үшеуі Жаркентке қайта келіпті. Ақыры Шаныш байдың тікелей араласуымен Қырғызбаймен шынымен құда бо лып, Тінікейді Санайға алып беруімен бұл оқиға аяқталған екен.
Санай үйленгеннен кейін екі балалы болады. Шаныш байдың ересен еңбегі мен құрметіне балаларды екі ұлының атымен атап, бұларға да Қасымқан, Батырқан деп ат қойыпты. Қазіргі аз санды Қалпе тұқымдары осы екеуінен өрбіп отыр.