Сары үйсін
(І нұсқа)
Ақсақалдан Қараша би жалғыз екен. Қараша би болып, жұрт сұрапты. өзінен бала болмаған екен. Бір жиында біреудің тілі тиіп, қатты назаланып, жатып алған екен. Елі жиылып, қожа қызы Қоңырбикені алып беріпті. Қоңыр жүкті болып, ұл туған екен, атын Байдәулет қойыпты. Бұны бәйбіше әйелі Зеріп бауырына салып, оның өкшесі жұғып, Зеріп бәйбіше жүкті болып, Жәлменбетті туыпты. онан соң Қоңырбике Бәйдібекті туыпты. Сөйтіп, екі қатыннан үш ұлды болыпты.
Байдәулеттің әулеті Дулат ішінде болып, бір болысқа таяу ел болған. Жәлменбеттен ошақты, иісті (ысты—Е.Қ.), Шапырашты руы тарайды. Бәйдібектен Жарғышақ туыпты. Тегінде Бәйдібек екі қатын алған екен. үлкені Сарыүйсін, кішісі Нұрбүбі деп аталады. Нұрбүбі домаланып жүретін домалақ адам болғандықтан «Домалақ ене» атаныпты.
Сарыүйсін (Бәйбіше) тоғыз ұғыл туып, оның біреуі ғана қатын алып, одан бір қыз туған кезде жұқпалы тамақ ауруы пайда болып, қалған ұлдарының бәрі шетінеп кеткен екен. Қыз туған ұлының әйелі де өлгендіктен оған үйде күң боп жүрген қырғыз қызы мен сарт қызын алып беріп, осы екі әйелден қалың «Сарыүйсін» атанған елдер тарапты.