Сарыүйсін
(ІІ нұсқа)
Бәйдібектің бәйбішесінің есімі Сарықыз екен. «Сарықыз» десе, дегендей, ақсары, шегір көз адам болыпты. Бәйбішелік жолына лайық әміршіл, адуын мінезді еді дейді. Сарықыз бәйбішеден Бәйдібек тоғыз ұл көріпті. Бәйбіше ауылы атанып, ақарлы-шақарлы ел болып отырады екен.
Бірде ел жазылып жайлауға шыққан кезде, Сарықыз бәйбішенің ауылы да тау бөктеріндегі шүйгін шатқалды өрлеп барып қоныс етеді. Таулы жердің жауын-шашыны мол. Бір күні жойқын нөсер жауып, таудан сел жүріп, Сарықыз бәйбішенің балаларының ауылын сел шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей балашағасымен опат болады. Тек қана Байтоқты деген баласының ұшан атты келіншегі төркіндеп кетіп аман қалады. ұшанның жанына ерген Сарықыз бәйбішенің қызы, яғни Байтоқтының қарындасы Алтын да аман қалса керек.
ұшанның аяғы ауыр екен, төркіндеп жатып босанады. Әжесі сияқты шикіл сары ұл туады. оған Мырзақаз деп ат қояды. Мырзақаздың емшектегі кезінде ұшан қайтыс болып, Алтын қыз Мырзақазды сүт беріп асырайды. Бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ—Мырзақазды Алтын «Сыйлықсары» деп мәпелесе, нағашы жұрты «Сарыүйсін» деп еркелетеді. Ақыры нағашы жұртының аузы дуалы болып, Мырзақаз есейе келе ел ішіне «Сарыүйсін» деген атпен танылады. 