КИІМГЕ КАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.
Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау — жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.
Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.
Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бүл әдепсіздік болып саналады.
Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.
Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.
Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.
Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.
Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.
Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.
Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.
Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ — жаулықтың, қара — қайғының белгісі болып саналады.
Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.