АММИАК СЕЛИТРАСЫ, аммоний селитрасы, аммоний нитраты — NH4NO3, — құрамында азот бар, түссіз, суда жақсы еритін, түйіршікті, қышқыл тыңайтқыш. Оны 56 — 60% азот қышқылын газ күйіндегі аммиакпен бейтараптап алады. Түйіршіктері бірігіп қалмау үшін фосфорит ұны, гипс, каолонит қосады. Жоғары сапалы А. с-н алу үшін құрамындағы азот 34,6%, ылғал 0,4%, суда ерімейтін қоспа 0,1% болуы тиіс. А. с. тиімділігі жағынан азот тыңайтқыштарының арасында 1-орын алады. Құрамындағы нитрат ионы шайылып кететіндіктен, А. с-н күзде пайдалану тиімсіз. Ал жауын-шашын аз жауатын тәлімі аймақта күзде себіледі. Суармалы аймақта А. с. басқа тыңайтқыштармен бірге қолданылады. А. с-ның өсімдікке әсері қолдану әдісіне, мерзіміне, мөлшеріне байланысты болады. Ол дақыл түріне, топырақ қасиетіне, климат жағдайына қарай өзгереді. А с-н егістікке шашу алдында ұнтақтайды, диам. 2 — 3 мм електен өткізеді.