АҚСҮЙЕК — қоғамдағы әлеуметтік топ. Дәстүр бойынша “қара халыққа” үстемдік етуші таңдаулы әулеттердің өкілдері А. саналған. А-тердің бұқарадан бөлек айрықша құқықтары мен артықшылықтары болған. Мемл. билік А-тер қолына берілген.
Өркениет жемісін де солар пайдаланған. Қазақтар «текті», «бекзат», «бек» лауазымын иеленген кісілерді асыл А. деп құрмет тұтқан. Қазақ тарихында Шыңғыс ханның ұрпақтары – хан, сұлтандар А. саналып келді. Олар төре аталып, халықтың ерекше ілтипатына бөленді. Патшалық Ресей өкіметі А-тердің ықпалын шектеді, ал Кеңестік дәуірде А. әулетінің өкілдері саяси қуғынға ұшырап, жапа шекті. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы А. ұғымы әлеуметтану ғылымындағы «аристократия», «элита» ұғымдарына жақын келеді.