АҚСАҚАЛ — ауыл-аймақтың жасы егде тартқан құрметті адамы. Өзінің өмірлік тәлім- тәжірибесін, халықтық игі дәстүрлер мен салт-сананы үйретуші, үлгі-өнеге көрсетуші. Әрқашан аталы сөз айтып, туыстықты, бірлікті, елдікті сақтау жолындағы уағызшы. А. тек отбасының емес, барша ауылдың тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына басшылық жасап, ізгі ықпалын тигізеді. Жастарды білімге, ізеттілікке, еңбекке баулумен бірге ауыл арасының кикілжіндері мен қақтығыстарына да бітуа сөз айтып, табыстырып, кауыштырып отырады. Бірақ мұндай кезде айтқан бітім сөздеріне қарап, оларды билермен шатастыруға болмайды. Билер мен ақсақалдар арасындағы айырмашылық елеулі (қ. Билер). А. айтқан аталы сөз ешқашан аяққа басылмаған. Аталы сөзден аттаған жүгенсіздік, тәрбиесіздік деп есептеледі. А-дармен шаруашылық, экон., тәрбие, т.б. мәселелері жөнінде реті келгенде ресми басшылар да ақылдасып отырады.