Алмасып тұратыны бар емес пе

Алмасып тұратыны бар емес пе,
Өмірдің кермек дәмі – шекер балы.
Тым-тырыс.
Тылсым дүние – естілмеген.
Сүйсініп,
Сөйлеспейді ешкімменен.
Қым-қуыт,
Қилы тағдыр,
Қиын күннің –
Түйінін оңайлықпен шештірмеген.
Ойында-
Оқу менен өлең ғана,
Кең дүние,
Кереметтей кенен дала.
Ақылын аямайды,
Ағыл-тегіл,
Ақбасты профессорлар кемел-дана.
Сол ғана,
Селт етері,
Сенері де,
Сол ғана көңіл қойып, көнері де.
Қауызын жаңа жарған қызыл гүлдей,
Ашылып келе жатыр өнері де.
Жаңалап көйлегін де, костюмін де,
Сезгендей бірте-бірте өскенін де.
Қарайлап қатарына, тінте қарап,
Алаңдап іздейтіндей дос көңілге.
Өкінтіп,
Опындырып жыр жүректі,
Омбыда осылайша бір жыл өтті…
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *