Жанары әлсіз Ай сығалап қарады,
Тамшы біткен жылап жерге тамады.
Қызыл-жасыл алдандырып дүние,
Дәурен өтіп барады…
Жұлдыз-ғұмыр, бір күн ол да ағады,
Өмір деген – гүл секілді тозады.
Жанды біткен арпалысып, алысқан,
Жалған өтіп барады…
Жадыраған жаздың қайтар жамалы,
Арыстандай ердің қайтар қамалы.
Маң-маң басып, сары атандай керіліп,
Мезгіл өтіп барады…
Естелік боп өткен дәурен кешегі,
Бүгінгі тал бәйтерек боп өседі.
Диірмендей шыр айналған дүние,
Кезегімен көшеді…
Ербол Бейілхан