Сағыныштың күні мүлдем ұзарды…
Алтай таудан көрмегелі ұларды.
Тағы міне, Ай ғашығын күтумен,
Батыстағы күннің жүзі қызарды.
Ойғырымның атқызбайтын ұлары,
Ұлар құсым, таудың кие тұмары.
Астанада бұлаң қағып жүргенмен,
Көңілімнің тарқаған жоқ құмары…
Қашан айтам, айтылмаған әнімді,
Кім ұғады сырға толы жанымды?
Өмір деген – саңғырығы қарғаның,
Қалай кетем, кір шалдырмай арымды?
Арда көңілім, жиі жүрсің құлазып,
Асау басқа кейде тиіп бұғалық.
Бұл жалғаннан сырласатын дос таппай,
Бақи жаққа кетесің-ау, сыр алып…
Тіршіліктің күйбеңінен шыға алмай,
Үйірінен адасқан сұр құландай.
Жерде жүріп, сағынамын аспанды,
Қапас болып қолға түскен қырандай…
Ербол Бейілхан