Ұлар-өлең

 
Болғанда ойым – теңіз, жырым – кеме,
Жүзіп келем, болашақ, саған сене.
Қазақтың қара өлеңін өрнектеген,
Топ жарған шайырлардың соңына ере.
Мендегі сөз – арғымақ, өлең – дүлдүл,
Түсімде асқар тауды көрем ылғи.
Шыңдардың биігінен самал жұтып,
Бұлттарға өлең оқыр көмей бұлбұл.
Отырам шыңға шығып, мұз жастанып,
Аспанның жанарынан тұр жас тамып.
Таутеке маңырайды таста тұрып,
Табиғат жайлы маған сырды ақтарып.
Тірліктің болса-дағы күйі бөтен,
Тәңірдің жерге берген сыйы екем.
Тарғылдай тауда туып өссем-дағы,
Тауықтай жерде жүрген қиын екен.
Жалғанның жанға ырыс қып бақыт нұрын,
Жаныма серік еттім жақұт жырын.
«Аққудың қанатына ән қондырған»
Мүмкін мен, сол қалпыммен бақыттымын.
Бәйгеден келмесем де тұяғы ысып,
Құрдасымдай тұрасың, сыр алысып.
Жаныма жай таптырмай аласұрған,
Барады өлең атты ҰЛАР ұшып.
 
Ербол Бейілхан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *