Автобуста келе жатып кеше мен,
Кимешекті әже көрдім көшеден.
Өткен күннің сағынышы кернеді,
Менің әжем құрт беруші еді кесемен.
Ақ шылауыш, ақ әжемнен аумаған,
Немереге әжелердей қайда адам.
Бақилыққа аттанған ақ әжемді,
Сағынышпен осы күнде ойға алам.
Еркелеуші ем кимешекке кіріп ап,
Жарма құртын бөлісуші ем, жұлып ап.
Батырсынып, боқтайтынмын барлығын,
Ақ әжемнің қасына кеп, тұрып ап.
Қандай еді сен айтатын ертегің,
Бұл өмірге әжем бар да ерке едім.
Меніменен жаны бірге әжемді,
Алып кеткен өмір, неткен келте едің?
Ербол Бейілхан