Жаңғыртып кейде даланы,
Жан оты сөйтіп маздар ма?
Дауысын еске салады
Қаңқылдап өткен қаздар да.
Мойындар емен ешкімді,
Болса да үннің түр-түрі.
Даусындай соның естілді
Көктемгі күннің күркірі!
Оңаша қалған кезімде,
Тұратын кім бар жайды ұқпай.
Сырбайдың даусын өзім де
Салатын болдым айнытпай.
Еліктеп кетсең расында,
(Болсаң ғой сондай, о, бірақ…)
Тұратын болды шашым да
Таралмай,
Тіпті қобырап.
Өлеңім – ол бір биігім,
Тұрар-ау қашан ел тыңдап,
Үстіме киген киімім
Қолайсыз, тіпті,
Қолпылдап.
Көруді талай аңсадым,
Көз ілмей шығам таңға ұзақ –
Оқ жырып кеткен саусағын
Келтіре алмадым
Жалғыз-ақ!
Тұтата алмай жыр отын,
Үрлеуші едім тынбай көп.
Мәз болып сонда күлетін
Біреулер «Бала Сырбай» деп.
Оқуда бітті,
Онда мен
Он жеті жасқа толғанмын.
Алматы келдім – жан денем
Отына балқып арманның.
Өлеңге өле құштармын,
Өзіме таныс бұрынғы
Ішінен ақын-құстардың
Таныдым жазбай бір үнді.
Сырбайдың дауысы…
Жыр оты
Бұзғандай жаудың қамалын –
Мінбеден өлең тұр оқып,
Маздатып жанның алауын.
Құшақтар ыстық қауышса,
Тапқандай көңіл бір емін.
Дүр ете қалған дауысқа
Дір ете қалды жүрегім.
Елестеп көзге алыс қыр,
Қозады дуда намысым.
Баяғы маған таныс түр,
Баяғы маған таныс үн.
Толқып бір тыңдап сол үнді,
Жарылып тұрдым ағымнан.
Тапқандай болдым жоғымды
Талай жыл іздеп сабылған.
Құшағын қайта жайды арман,
Құйғыта шапқан құр аттай.
Құмартып келіп,
Қайнардан
Қанып бір ішкен бұлақтай..
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ