СЫРБАЙДЫҢ ДАУЫСЫ

Жұрт түгел жырың ұнатып,
Қадалып қалды көз неше.
Басқадан гөрі бұл ақын
Болып тұр маған өзгеше.
Қараймыз оған біз ойлы,
Бір шарлап Волхов аспанын.
Жаралы саусақ түзейді
Жалбырап тұрған шаштарын.
Қанатын ажал жайғанда,
Қансырап, әбден кектесіп.
Ақынмен бірге майданда
Жүреміз біз де от кешіп.
Шабыттың шоғы жанғанда,
Шулады ел-жұрт жыр тілеп.
Кемпірлер, тіпті шалдар да
Көзінің жасы сіркіреп.
Құшағы елмен қауышса
Құлашын сермер кеңірек.
Дүркіреп шыққан дауысқа
Дүрлігіп кетті төңірек.
Тыңдады түгел ұйып бір,
Басылып сол сәт жел демі.
Қалғандай қатып биік қыр,
Толқымай тұнық көлдері.
Секілді шыққан шыққан үн,
Бұрқырап тасып қайнардан.
Сырбайдың даусын тыңдадым
Сарқырап аққан сайлардан.
 
 
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *