КӨНЕ ТОРҒАЙ КЕЛБЕТІ

Көне Торғай –
Көн боп қатқан тулақтай.
Тарихың бар – Сығанақтай, Сунақтай,
«Азаттығың орнаған соң – болды!» – деп
Жатып алдың қаннен-қапер тіл қатпай.
Жатып алдың…
«Тұяқ серіппей» қозғалмай,
Жаны ашитын адамына кез болмай!
Енді сенің қасіретіңе қосылып,
Төрт құбыла түгел қолын созғандай.
Қайтем енді?!
Көрген сайын қиналмай,
Сырым осы – шыным осы имандай.
Аштық жылы қалған дейді көшеңде
Өлгендердің сүйегі де жиналмай.
Жауыр аттай арқасынан алдырған,
Жылдар талай тыртық-таңба қалдырған.
Қандай жауыз құлатты екен мектебін,
Ыбырайдың өз қолымен салдырған?!
Уақыттың уысына қысқанын,
Көрмесінші досың түгіл, дұшпаның.
Амалым не?
Амангелді батырдың
Аман сақтап қала алмадым штабын!
Кім қашады тарихтың сотынан,
Лаулап жанған уақыттың отынан.
Осы күні ізі ғана қалыпты
Ғимараттан Ахаң, Жахаң оқыған.
Ер Әліби елдің жайын жақсы ұққан,
Мынау үйге Кейкі батыр бас сұққан.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *