Болғаның мен толғаның

Болғаның мен толғаның
Қажет емес ол да аса.
Ойламаса ел қамын,
Істің бәрі далбаса.
Айтқан тілді алмайды,
Асынсаң да бес қару.
Қыран болмай Торғайды,
Мүмкін емес басқару.
Солай, солай, Тоқтарбай,
Талма, биік тауға шық.
Жүрегіңде от бардай,
Жандыр соны лаулатып!
Кеңейіп қара шаңырақ,
Сарыарқа сайран – сары бел.
Қозы мен қойдай жамырап,
Қосылып жатыр қалың ел.
Алатау, Қаратауларым,
Көкшетау, Қараөткелдерім.
Қосылды бақша-бауларым,
Қосылды өзен-көлдерім.
Шөлдеген жерге жауындай,
Нәр болар бойға әлі де…
Сағынып қалған бауырдай,
Қосылып жатыр бәрі де.
Қалыппын мен де аңсап тым,
Жүрекке жылу – нұр үйдім.
Саласы құсап саусақтың,
Баласына ұқсап бір үйдің.
Қосылсын бәрі қосылсын,
Кез келді бірге ұрандар…
Киіктер жонда жосылсын,
Қияда қалқып қырандар.
Тау мен дала қосылсын,
Ауыл мен қала қосылсын.
Өзенге көлдер қол созып,
Сай менен сала қосылсын.
Тобыл мен Торғай қосылсын,
Қасым мен Сырбай қосылсын.
Ғафу мен Ғаббас бірігіп,
Бір-бірін жалғай қосылсын.
Тұра ма бір ел болғасын,
Біріне-бірі болыспай.
Намысты бірге қорғасын
Әсия менен Қонысбай.
Бүгінгі ұрпақ жалғасын
Нұржан мен Нұрхан толғауын.
Құдайдың өзі қолдасын,
Төбеден құйып мол жауын!..
 
 
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *