Думан боп күнде жатады,
Магнит таудың кештері.
Жалынын жиі атады,
Жарқылдап мартен пештері.
Магнит таудан сарқырап,
От өзендер құлайды,
Ағады құрыш жарқырап,
Қалады қоқыс лайлы.
Өмірдің отын маздатқан
Магнит таудың кештері.
Жалыннан жалын қоздатқан,
Мартеннің алып пештері.
Жаңартқан дала картасын,
Магнит таудың ерлері.
Магниттей тартасың,
Өз ортаңа сен мені.
Сырбай Мәуленов