Ғаламат сезім

Ғаламат сезім,
Ғажабын жаным ұққандай.
Шашымның ағы,
Жатады кейде мөлдіреп
Шалғынға
Таңда
Шашырап қалған шықтардай.
Ақ шашым менің
Жалбырап кейде ақ бұлттай,
Алқынып демім
Алып бір ұшып аптықты-ай.
Қарайды біреу
Қараптан-қарап сүйсініп,
Қарайды біреу
Қабағын түйіп, жақтыртпай.
Ақ шашым менің,
Қақтаған бейне ақ күміс.
Арпалыс,
Асу,
Қалтарыс,
Ашу,
Қақтығыс.
(Шырағым, егер шашыңды ағартқың келмесе,
Үйіңде онда жападан-жалғыз жат тыныш).
Ақ шаштың нарқын
Қажет десеңіз бағалау,
Кешуің керек
Көк теңіз,
Жасыл жағалау.
Байқасаң, досым,
Басымда менің тұр жанып
Өмірдің мынау мәңгілік оты –
Ақ алау!
 
 
 
 
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *