Жеткенде жұрттың бәрі жанталасып

Жеткенде жұрттың бәрі жанталасып,
Кей кезде қызметке де кеш келемін.
Осындай мінезім бар қалыптасқан,
Жыр жазам, бір ғажабы, жалықпастан.
Жігітпін –
Абай атам айтқандайын –
Ақырын жүріп және анық басқан.
Әуендей асқақтатып қырдан салған,
Жеткізбей аңсаттырып
Жүр қанша арман.
Асырып кете алмадым
Өнерімді
Атақты Ақан сері, Біржан салдан.
Оныма бірақ бүгін өкінбеймін,
Жүреді болашаққа бекінбей кім.
Жалғанды жалпағынан кетем басып,
Жанғанда кеудемдегі отым кей күн.
Алдымнан сылаңдаса сағымды үміт,
Қуамын шабыт атты сабылдырып.
Күндермен қауышамын бір керемет,
Кеш келген көктемдердей сағындырып.
Өмірде сол секілді бар қызығым,
Кеудемде өлең деген жалғыз ұғым.
Көктемнің аңсап күткен шуағындай
Кеш көрдім
Бала сүю, жар қызығын.
Арманың –
Алтын күнің ол мәңгілік.
Санаңнан сырғып бір сәт болған ба ұмыт?!
Жалғанда жалғыз досың өлең екен,
Ол-дағы бірден келмес,
Толғандырып.
Өмірдің өттім талай өткелінен,
Жерде – өзім,
Көңіліммен көкте жүрем.
Ғұмырдың қызығының өзі сонда –
Сағынтып,
Зарықтырып жеткенімен.
Аз емес рақатым,
Азабым да.
Аз емес жазғаным да,
Жазарым да…
Қолыма кештеу қонған бақытымдай,
Кешігіп келер, бәлкім,
Ажалым да!
 
 
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *