АДАЛДЫҚ ПЕН АРБАУ

– Махаббат суый ма екен?
– Суыйды екен,
Зардабы да зарығып сүюге тең.
Қайғысы да жүйкеңді жеген құрттай,
Тұла бойың оған да ииді екен.
Суынғаны шын себеп болғаны ғой,
Берген серттен біреуі танғаны ғой.
Әлдебіреу біреуін алдады ғой,
Соған сорлы-ай алданып қалғаны ғой.
Әлде бірі әуелден әсіре ме,
Әсіренің өрледі тасы неге?
Әлде бірі білмейтін бейшара ма,
Махаббаттың бағасы, бәсі неде?!
Біреуінен, әйтеуір, себеп біреу,
Не жетпеді деу қиын, не жетті деу.
Әлде оны сүйді де, тартып алды
Бұдан гөрі көзсіздеу, өжет біреу.
Бір-ақ себеп және де біреуінен,
Бір жүректің шықты ақау жүрегінен.
 
Оны енді жаңарту мүмкін емес
Ешбір мораль, ақылдың түренімен.
«Біреуінде қалды ғой бар зардабы,
Біреуі ғой шынымен алданғаны»
Дейміз ғой біз, ал сонда айтыңдаршы,
Қорлағаны қайсысы, қорланғаны?
Махаббатта болмайды қорлау, зорлау,
Қақпан құру болмайды, тормен қармау.
Алданғаны – шын сүйген бақыттысы,
Махаббатта сүйгендер сормаңдайлау.
Махаббаттың бұл емес суынғаны,
(Заңдылық қой, заңдылық мұның бәрі).
Бірі мүмкін әйелдің сүюі де,
Бірі мүмкін еркектің қырындауы.
Махаббаттың сол деп біл суынғаны,
Бірі сотта «сүйем» деп шырылдауы,
Бірі – сонда аяққа жығылғаны,
Заңдылық қой заңдылық мұның бәрі:
Бірі мұның – әйелдің ащы айласы,
Алданбасқа еркек те буынғаны.
* * *
Адам ата Хауа анаға жолыққан,
Жолыққан да, бірін-бірі дәл ұққан.
О, ғажайып, қас қағымда қалайша
Бірі аталық, бірі аналық танытқан?!
 
Махаббаттың жоқ еді ғой заңы онда,
Жоқ еді ғой әулет, ру, қоғам да.
Жоқ еді ғой күлу, сүю, күйіну,
Атақ-даңқ, өсек-ғайбат, жалаң да.
Жоқ еді ғой төсек түгіл, тәнде лыпа,
Жоқ еді ғой жолдар түскен жон-қырқа.
Жоқ еді ғой бақыт кешу жұптасып
Бірін-бірі талықсыта, талдырта…
Сонда қалай, туғаны ма жоқтан бар?
Жоқ, жоқ, бұған мен сенбеймін, тоқтаңдар!
Болмаса егер Махаббаттың құнары,
Олар қалай бір-бірінен тапқан нәр?
Білмесе егер ынтығуды, сүюді,
Неге олар бір-біріне иілді.
Ақылдан да сезім бұрын тумай ма,
Ал Махаббат – сезім сөзі, иінді.
Демек, демек, Адам ата, Хауа ана
Жетпесе де киінетін санаға,
Болды оларда оттай ыстық Махаббат
Айы-күнін жаза алмаған Замана.
Бізге жеткен аңыз ба әлде сәл оғаш,
Екі ынтықтың кездесуі – жалаңаш,
Сезім кейін жасанды ғой ақылмен,
Киім киіп, тән көркейту шамалас.
Одан бері өтті талай сан ғасыр,
Бәрі ескірді.
 
Тек Махаббат – мәңгі асыл.
Ей, бүгінгі Адам ата, Хауа ана,
Бір-біріңнен жан жасырма, тән жасыр!
* * *
Адамзаттың әулетіміз – бәріміз,
Жер – кемеде бірге біздің жанымыз.
Адам ата, Хауа анадан таралған
Әуел баста нәсіліміз, қанымыз.
Адамзаттың әулетіміз біріміз,
Туу, өлу – ортақ біздің заңымыз.
Бөлек біздің тілегіміз, тіліміз,
Жүрегіміз, түсі бірдей қанымыз.
Адамзаттың әулетіміз бәріміз,
Сол әулетке жалғасамыз әлі біз.
Бірдей біздің шығатұғын жанымыз.
Біз бірдейміз, біз біргеміз, о, ғажап!
Бізге бақыт, бізге рахат, тән азап.
Бірдей еткен Табиғат қой, анамыз,
Анамызды етпейікші, зәрезап!

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *