АДАМЗАТТЫҢ ӨНЕРІ

Өтеді уақыт.
Тағдырдың болмақ жазғаны,
Қағида заң ғой адамнан уақыт озбағы.
Уақыттың жалын қаламыз сипап бәріміз,
 
Уақыт па?
Уақыт – алтынның буы, көз жауы.
Алтынның буы.
Буымен алғаш мас қылар,
Айналтып біраз апиын болып басқа ұрар.
Айналымға да келтірмей сосын ләззаты,
Алтынның түсі айбатыменен састырар.
Алтынның буы – уақыттың нағыз теңеуі,
Шебер ғой өмір, шебердің біздер шебері.
Алтынның буын заманға зерлеп өтетін
О, адамзаттың тіршілік деген өнері.
* * *
Ақын болу Абай болу емес тек,
Ол – мұрамыз, мұрат емес теңеспек.
Мұрамызды сақтай алсақ мұнтаздай,
Абай – тірі.
Айдарынан жел еспек.
Абай тілі – біздер жазып жүрген тіл,
Бір сөзімен бірде жылап, күлген тіл.
Осы тілмен Абайды да, бізді де
Әлдилейді Зере сынды бір кемпір.
Рас, бізден Абай мұңы бөлек ед,
Сол мұң шығар оны ойлантқан керемет.
Біздің заман көксегені – Абайдың,
(Адамға тек мұңсызбын деу не керек?
Біздің заман жасампаз да, жақсы да,
Біздің заман жойды тапты, тақты да.
Біз де Абайдай
ренжиміз адамға,
Біздің мұнда қоғамға тек жоқ кінә.
Абай мұңы өз халқының мұңы еді,
Ал біздің мұң – адамзаттың тілегі.
Адамзаттың ақ тілеуі сан рет
Қыл көпірде тұрған жоқ па бір елі?!.
«Абайдың да заманынан күрделі
Бұл заманда айту керек жыр нені?»
Десек тағы, адам барда ұлы Абай
Замандарға зымырайды ілгері.
Абай тілі, сен де қоса зымыра,
Салқындама, солғындама, суыма!
Қашан, қайда туса да ақын мас болсын
Ана тілі – алтынының буына!
* * *
Ақындықтан қорықпаймын, қиын емес,
Ұйқастыру, сөз құрау бұйым емес.
Тілдік қорым жетеді, орамдымын,
Тілім менің татусыз, сұйық емес.
Он жеті жыл ауылда, қырда өскенмін,
Абай, Нұрхан жырымен тілдескенмін…
Жесірлердің жоқтауын естігенмін,
Жеңгейлермен тілдесіп, үндескенмін.
 
Қалада мен ұмытқам жоқ ана тілін,
Ана тілі болды нан табатыным.
Тағдырыма ырзамын, талай талант
Алды мені астына қанатының.
Өмір көрдім, замандас, бір адамдай,
Болды талай басымда бұралаң жай.
Заманыма ырзамын, қайтер едім,
Тыпыршысам түнекте ұлы Абайдай?..
Тыпыршытпай өсіріп заман мені,
– Қабағыңды қалтқысыз бағам, – деді.
Қоғамыма ырзамын, тапсыз, тақсыз
Толып жатыр талантты қаламгері.
Талант болсаң – тартыссыз жазбауың хақ,
Заманыңның сауалын қозғауың хақ.
Жұрт көрмеген көріністі көруің хақ,
Көргеннен соң көзіңді жазбауың хақ.
Көргеніңнен көшірме жасамау хақ
Фотоаппарат секілді тез қабылдап.
Мұның бәрі, жарайды, келсін қолдан,
Шеберліктен өзіндік еншіңді алған,
Суреткер деп, ақын деп таныды елің,
Ал енді ойла, қай тұсың кемшін қалған?..
Білімнің де жетіпсің биігіне,
Бастауы не, білеміз иіні не?
Тақырыпты білеміз игеруді,
Қосуды да білеміз, қиыны не?!
 
Мен білемін бұларды, бұлар басқа,
Мен іздеген құдірет, құмар басқа.
Сол заманда шырқауға шыққан Абай
Бүгін туса, биікке шыға алмас па?

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *