Алғаусыз жүзің даттанып,
Мұқалғанбысың, мәрт темір?
Қып-қызыл отқа қақталып,
Қунамайсың ба, қарт темір?
Жасамыс темір жүйеңді
Жиденің шоғы балқытса,
Қасиетің мен киеңді
Қара төс пенен қарт ұста.
Жасығаныңнан ұғынып,
Тамырыңды балға тап басса,
Шойырылған темір буыны
Сытырлап, сынып жатпас па?
Суға емес, желге сусындап,
Қарылған темір қанса бір.
Жапырағы талдың сусылдап,
Жапырып соған салса бір.
* * *
Бұлттар жел қуған жөңкіліп кетті алыс,
Енді болмайды тоқырап, тоқталыс.
Анау ақ бұлттар – тулап түсетін найзағай
Немесе ашудан атылған ақ барыс.
Туған төбеге төге алмай кеткен соң,
Атылып майып болу да мақтаныш.
* * *
Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді
Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл.
Менің әкем мазасыз қорықшы еді,
Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.
Қылаң жорға қылпылдап астындағы
Ой мен қырды ойқастап өткенде бір,
Қорықшының дауысына кәнігі мал
Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір,
Салт ат мініп шалғынның ортасында
Тұрсаң, шіркін, ауасы неткен жеңіл?!
Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр,
Қорық болмай әне бір шалғын табан
Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.
…Қорық көрген құнандар көп келмейді,
Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр.
* * *
Жағалауда құба тал,
Тал арасы жалбыз ғой.
Суат жаққа құдаша
Келе жатыр, жалғыз ғой…
Ақ балтыры қозғалса,
Ақ көйлегін жел қаққан.
Оң аяғын созғанша
Сол аяғын шаң қапқан.
Қас пен көздің арасы,
Ақшам ба, әлде іңір ме?
Бейсеубет бір, шамасы,
Қонақ бар-ау үйінде.
Жағалауға көз салдым,
Жақындады бойжеткен.
Биыл осы жаз салқын,
Тоңазыдым көйлекшең.
Қадала қарап тұр едім,
Қай жақтан…біреу қабаққа
Қарсыдан шығып қылт етті,
Жүрегім менің бүлк етті…
…Жағаның желі жалбыздың
Жас иісін маған үрлеп тұр.
* * *
Жаманатқа жоламан, жаманатқа,
Жазығым жоқ, сен маған жала жаппа!
Алтын жүзік қолыңа салу үшін
Мен біреуді оқталман тонамаққа.
Жүзік салмай өтерсің көп болғанда,
Қанағатсыз көңілде тоқтам бар ма?
Адам бар ма бізден бай, бізден жомарт
Бір ауыз жыр көңілге дәт болғанда?..
Кім біледі боларын қалай-қалай,
Көңіл зауқы соқпайды қалай қарай.
Қазына – кеудем, қорқамын көздің құрты
Түсіп кетсе үңгір деп абайламай.
1969 ж., 19 шілде
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ