Сәскеде соққан желдердің
Кешке де мүмкін тынбауы.
Кешігіп соқса кезінен
Әсте де мүмкін тумауы.
Лап етіп жалын тіліндей
Өте де шыққан өткір жел,
Сандуғаштардың үніндей
Сан алуан жұпар төктіңдер!
Табиғат заңы керемет,
Тазалаушысы жердің – жел.
Текемет-қырды, не керек,
Қағып та сілкіп бердіңдер.
Жел тұрып еді жасанып,
Көлдерім шалқып ақты ғой.
Төбемде тұрған маса бұлт
Табанын жалтыратты ғой.
Тек сені бізге, еспе жел,
Табиғат дәйім кез қылғын.
Жел соққан кеш пен сәскелер –
Бақытты шағы мезгілдің.
* * *
Кешегі қанды майданда
Хабар-ошарсыз кеткендер
Қайтып келер ме еді бір?!
Туған ауылдарын,
Тума бауырларын
Табысып көрер ме еді бір?!
Жыламау мүмкін емес,
Бәрі де жылар еді,
Бәрі де сұрар еді
От-судан аман ба деп
Туған жердің құба белі.
Біз игерген тыңды айтар едік,
Су келген құмды айтар едік.
Көрсетіп бау-бақшаларды,
Көрсетіп Қапшағайларды,
Қаратау, Теміртауларды,
Аралап бір қайтар едік.
Туған жер, уыс топырақ,
Бір сәттік көркің үшін де
Он өліп, он тірілсең де,
Пида ғой жан менен тән.
Ұмытылмас бірақ
Қайран Отан, қайран Отан!
* * *
Көкжиекке бір ымырт қонды келіп,
Жарық дүние тағы бір күнді ұрлатты.
Жалқын сәуле жарығы жонды бөліп,
Сәл қозғалған селеулер діріл қақты
Бозторғайлар шырқаған талықсып үн,
Қоңыр қырлар қайтадан қалғыды енді.
Қайтсін дала, қарсы алды таныс түнін,
Тағы асыға күтеді таңғы желді.
Күннің нұрын іңір кеп жасқаса әрі,
Байтақ дала бей-жай-ау белі мүлдем.
…Ымырт пенен таң алды астасады
Жұлдыз туып жұлдыздар сөнуімен.
* * *
Көктемнің кезі…
Көлдерге құйған қар суы,
Бал-құрақ қамыс қозғалып кетсе – бал шуы,
Бойыңды кейде дір еткізеді, дүние-ай,
Байқатпай ғана аяулы сезім шаншуы.
Денеңде қалған, тереңде қалған сол бір мұң,
Ояуы сөнген, бояуы семген солғын мұң.
Тап өзі шығар, қайдан білесің, қарағым,
Көзімнен тамбай, көңілімде қалған мөлдірдің.
Тағы да көктем, тағы да, тағы шаншыды, ә?..
Ескі ауруға ұқсап ұстайтын кезі бар, сірә!
Көңілімде қалған мөлдірім бе, әлде кезінде
Тама алмай бекер, тат болып қалған тамшы ма?
Дірілдеп жатқан көзіме түссе таң шығы,
Дүрмек көктемнің құлаққа келсе шаң-шұңы,
Бойымды менің дір еткізеді, дүние-ай,
Тамырыма тұнған аяулы сезім талшығы.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ