ТАУТАН ҚЫЗБЕН АЙТЫСЫ

(ІІ-
нұсқа)
Таутан:
– Бір көлге жиырма төрт қонар үйрек,
Әрі-бері айналдырсаң қалар сиреп.
Ішінде жалғыз туған біреуі бар,
Тұрады соның бәрін жалғыз билеп.
Қабан:
– Үйректі осы көлге адам қояр,
Біреуін бірі тістеп, басын жояр.
Кем ақыл, сен білмесең, мен айтайын,
Үйрегім жиырма төрт дойбы болар.
Таутан:
– Бір дария ағып жатыр тартқан сымдай,
Ішінде бір асыл бар жалғыз қылдай.
Бәріне жиылған жан бірдей керек,
Жұмбақты осы сізге айтсам қалай?
Қабан:
– Сарғайып сары белден атады таң,
Бай қызы бойжеткенде болады паң.
Бәріне жамиғаттың керек болған,
Қараңғы үйге жанған бір жалғыз шам.
Таутан:
– Көше-көше ауылы көше болар,
Ойынсыз-күлкісіз ел мешеу болар.
Ақын болсаң сөзіме жауап берші,
Тоқсан иттің емшегі нешеу болар?
 
Қабан:
– Айт десеңіз айтайын бұған билер,
Аң жүйрігін біледі қуған билер.
Емшегін тоқсан иттің білетін-ді,
Қолына көнек алып сауған білер.
Таутан:
– Әуеде алтын қазық жылыстаған,
Береді құдай қашан бейіс саған?!
Ақын болсаң алдыма сала айтайын,
Мұхаммедтің сүйегін кім ұстаған?
Қабан:
– Омар ұстап, сүйегін Осман жуған,
Әбубәкір құманмен суын құйған.
Арыстаны құдайдың Әзрет Әлі,
Иман айтып қасында қарап тұрған.
Таутан:
– Мекеде бір ағаш бар бұтақтары,
Үстінде отыз-отыз жапырақтары.
Жапырақтың асты ақтан, үсті шұбар,
Қыздардың мұны білмес ақымақтары.
Қабан:
– Мекеде бір ағаштың бұтақтары,
Үстінде отыз-отыз жапырақтары.
Асты ақтан – ақ қағаз, шұбар – жазу,
Молданың болар оқыған кітаптары.
Таутан:
Ақырзаман болғанда ұрады жел,
Мың қарабас саулыққа бір қозы тел.
 
 
Мың қарабас саулықты жалғыз еміп,
Қозы неге маңырайды, пәруардігер?
Қабан:
Жұмбағыңның шешуі болар деген,
Осы күнгі ұлықтар пара жеген.
Ақтан да, қарадан да пара алса да,
Көзіне жиған малы көрінбеген.
Таутан:
Айт дегенде айтамын айда болар,
Таң алдында Шолпан пайда болар.
Ақын болсаң жұмбағым шешіп берші,
Ақ меруерт шыққан жері қайда болар?
Қабан:
Ойнамаса, күлмесе шыға ма дерт?
Ойын-күлкі бар жердің бәрі де кент.
Сен білмесең, кем ақыл, мен айтайын,
Айдын көлден шығады ақ меруерт.
Айт дегенде айтамын ақбар-дақпар,
Ақпар-дақпар ішінде алпыс қаз бар.
Он екі үйрек қырық сегіз қазы бар-ды,
Ақын болсаң, құдаша, мұны тап та ал.
Таутан:
– Ақпар-дақпар деген – ай мен күн ғой,
Алпыс қазы дегенім – жылдай таң ғой.
Он екі айдың қырық сегіз аптасы ғой,
Шешуі жұмбағыңның осы екен ғой.
 
 
Ерте оқимыз намазды, кеш оқимыз,
Әр күнде бұл намазды бес оқимыз.
Ақын болсаң, жұмбағым шешіп көрші,
Он екі айда намазды неше оқимыз?
Қабан:
— Сіз де оқисыз намазды, біз де оқимыз,
Уақыт жетсе намазды түзде оқимыз.
Сен білмесең, кем ақыл, мен айтайын,
Намазды мың сегіз жүз жылда оқимыз.
Таутан:
— Бір жұмбағым бар менің уалаған,
Бірі қашып, біреуі қуалаған.
Табар болсаң табақтай жұмбағым бар,
Аяғы жоқ, басы жоқ домалаған.
Қабан:
— Домалаған дегенім ай менен күн,
Күн батқан соң қараңғы болады түн.
 
 
Қабан (Қабылиса) Асанұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *