ҚАБАН АҚЫННЫҢ ТҰМАРША ДЕГЕН ЖАС КЕЛІНШЕКПЕН АЙТЫСЫ

1-толғам
Тұмарша келін болып түсті ауылға,
Созылды той-думаны бір қауымға.
Беташар, сәлем қылу мерекесі,
Шуылдап қызық болды бұл ауылда.
Найманбай ат шаптырып қылды тойды,
Әртүрлі төрт түліктен малды сойды.
Айтысып талай ақын шешендермен,
Қыздырды бозбалалар осы тойды.
Өлеңге Тұмарша да шебер еді,
Сөйлесе сөз маржанын төгер еді.
Айтысқан өзіменен ақындардың,
Тоғыз асы бағасын берер еді.
2-толғам
Бұл тойға келіп еді Қабан ақын,
Айтысқа тілі шыққан соң болды жақын.
«Тұмарша жеңгемменен айтысам» деп,
Отырды келіншекке келіп жақын.
«Айтысса, айтыссын» деп айтты халық,
Тұмарша жүрген бұрын бәйгені алып.
Ақырып Қабан ақын қоя берді,
Бір түрлі естімеген әнге салып.
 
 
Он беске Қабан ақын келген жасы,
Өлеңге аударылған ықыласы.
Төгеді сөйлегенде сөз маржанын,
Артықша бозбаладан мәртебесі.
Екеуі қағыспақ боп сөйлесті сөз,
Тоқтар ма екі жүйрік келген соң кез.
Сыбанып екі жағы шыға келді,
Біріне бірі кезек деп беріңіз.
Қабан ақын:
– Әуелі сөз сөйлейін, иә рақман,
Бұл тойға жұрт жиылды жақсы-жаман.
Ауылға келін болып жаңа келдің,
Жеңеше, сау жүрсің бе есен-аман?
Өзіңдей жас жеңгемен аз сөйлеспей,
Тарқамас көңілдегі бар мүддәғам.
Тұмарша:
– Алдымен сөз сөйлейін біссімілләдан,
Білмейді сөз мәнісін кейбір адам.
Көз салсам порымыңа өте жассың,
Үйреткен осы өлеңді қандай адам?
Ойынның баласысың дала кезген,
Атыңыз кім болады айтшы маған?
Қабан ақын:
– Қабан деп қойған екен әкем атым,
Жалайыр он екі ата арғы затым
Жігітке амандаспай атын сұрап,
Елде жоқ Тұмаршадай бәдік қатын.
Жеңеше, қатты айтты деп өкпелеме,
Жөндеймін жөнге келсе сөздің артын.
Тұмарша:
– Қабан деп қалайша ат қойды саған,
Қайным-ау, сау-сәлемет жүрсің бе аман?
Өзің жас болғанменен сөзің жуан,
Тілдерің, балақайым, тиді маған.
Боларсың жер өртейтін жігіт болсаң,
Атыңды әкең марқұм біліп қойған.
Қабан ақын:
– Атымды қайтпасын деп қойды Қабан,
Тиді ме сөзім қатты, жеңге, саған.
Қалмаққа өзі келіп күң болғаннан,
Болды ма менің атым содан жаман?
Бала боп жастық қылған жерім бар ма,
Батыра наз білдіріп айтам саған.
Өзіңдей жеңге көрсем пірім түсер,
Қыранмын ақ маралды алып ұшқан.
Тұмарша:
– Жүре бер, балақайым, аман-есен,
Емеспін мен де қашар қайным көрсем.
Сөздерің өзіме айтқан майдай жағар,
Бар шыным саған айтар олай десең…
 
Қабан (Қабылиса) Асанұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *