Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн.
Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар
Арқанын қиып алған күн.
Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн.
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы теңді шешкен күн.
Сандық толы сары алтын,
Сапырып судай шашқан күн.
Түс қыла көр, құдайым,
Біздей нақ мейманасы тасқанға,
Біздің ер Исатай өлген күн,
Он сан байтақ бүлген күн.
Орта белін сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған күн.
Оң қанатын теріс жайып,
Лашын қуға төнген күн.
Желпілдеген ала ту
Жиырылып ойға түскен күн.
Жез қарғылы құба арлан
Жез қарғыдан айрылып,
Қорашыл төбет болған күн.
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн.
Арқауылдың бойынан
Теріскей дауыл соққан күн.
Сағағы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн.
Хас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның,
Жақындағы «достының»
Қуанып көңілі тынған күн.
Махамбет Өтемісұлы