ТАРЛАНЫМ

Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме?
Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау,
Саған да менің арманым?
Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған,
Тереңнен кезін ойдырған
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Айғайласа белдігі байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атылған оғы Еділ, Жайық тең өткен,
Атқанын қардай боратқан,
Кек шыбығын қанды ауыздан жалатқан
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!
 
Махамбет Өтемісұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *