Жігіт тұрды жорыққа аттанғалы,
жылап-сықтап жұрағат жатқан бәрі.
Қолын жайып,
батасын берді атасы,
аппақ болып мұртына қатқан қары.
Іштей тілеп жеңгенін жауды ұлының,
– Аман барып,
қайта гөр сау, құлыным! –
деп анасы
кемсеңдеп көзін сүртті
көлдей болған ұшымен жаулығының.
Жыламсырап жар тұрды:
–Күнім менің,
елден бұрын несіне бүлінгенің!
Шақыртпаса,
қайтеді,
шыдай тұрсаң,
арыстаным,
арысым,
білімді едің!..
Жарығым-ай, жасайын дегеніңді,
үлгересің қорғауға сен еліңді,
бүйірімді тынымсыз бүлкілдеткен,
көріп кетсең деп едім бөбегіңді?
Жыл өткен жоқ жанымыз қосылғалы,
азаматтан артық па ең осындағы?
Өз еркіңмен бармай-ақ,
қоя тұрсаң…
жүрегім де бекерге шошынбады…
Тастап кетіп барасың мені кімге,
Шынымен-ақ, біржола жерідің бе?
Сүйетінің шын болса, –
шыдай тұршы,
Шақыртып та жатқан жоқ сені мүлде!
Бір ісіңе болып па ем бұрын қарсы,
жолбарысым, жалынам,
тілімді алшы,
етегіңе бұдан соң оралмайын,
тым құрыса қасымда бүгін қалшы!
Жігіт айтты:
– Болмайды бармасыма,
көптен күткем осы бір таңды асыға,
жау жағадан алғанда,
қандай жігіт
жата алады жайғасып жар қасына!
Сүйем сені, сүйемін өз елімді:
ата-анамды, ауылым, өзенімді,
Жаман ырым шығарып, енді, жарым,
өртей берме өртенген өзегімді.
Қажеті не мұндайда көп өкпенің,
Қашанғы айта берейін себептерін, –
Сүйем сені, жарығым!
Сондықтан да
жауды жеңіп қайтуым керек менің! –
деп,
бозбала батысқа бұрып бетті,
тебініп қап тұлпарын, жүріп кетті…
Сәкен Иманасов