Өзі де өткір бала еді, сөзі де өткір,
ержетуге асықты тезірек бір,
шырқ үйіріп дүниені көрмек еді,
шыңға қарай шырқаудың кезі кеп тұр…
Қолына алар күнді аңсап сөз, беделді,
есеюді ойлады тездеп енді.
Туын биік тігердей болып еді,
таң қалдырып түгелдей өзгелерді.
Жігітінде өзі де, сөзі берік,
болайын де тұрғанын сезіп едік!
Өмір көлін оп-оңай кештірмеді,
ес білгелі тимеді өзіне ерік.
Жақсыларға еліктеп жанған бағы,
Жабырқады, жалықты…
армандады.
Ізгіліктен үміті үзілмеді,
тағы аңсады, тағатсыз таңды алдағы.
Тарта берді өмірдің көші ілгері,
бірте-бірте бүгілді есіл белі.
Алдап қашып, арманы жеткізбеді,
тіршіліктің түйіні шешілмеді.
Өткір емес өзі де, көзі де енді,
Ұйыта да алған жоқ сөзіне елді.
Дүниеден түңіліп біржолата,
Қолды бір-ақ сілтейтін кезі келді.
Жал-құйрығын жатса да күзеп егес –
Кететіндей күні ертең түзеле көш.
Әлі де бір туардай айы оңынан,
Келешектен күдерін үзер емес!
Сәкен Иманасов