Сөз патшасы, өзіңе бағынғалы,
азабым да, әйтеуір, арылмады,
Көңілімді біржола қалдыра да,
жандыра да қоймадың бағымды әлі…
Пір тұтқалы өзіңді, сиынғалы,
Тіршілігім менің де қиындады.
Жазылғаны сол ма еді маңдайыма,
Пешенеме осы ма бұйырғаны?
Бодан етті өзіңе тағдыр мені,
Құзырында –
кеудемнің әрбір демі.
Көңілімнен өтеді күнде, қызу
дүниенің бар дүбір, сан дүрмегі.
Аяқталмай әділет сайысы әлі,
қалтырайды қара жер, майысады,
бәріне де жүрегім шыр-шыр етіп,
бәріне де қабырғам қайысады.
Қинала ма қиырда
бала-шаға,
қызғыш болып, килігем
арашаға.
Қанжар ала жүгірем,
біреу саған
астамдықпен алая қараса да.
Мені қайда салмадың, жұмсамадың,
Қолдан түсіп көрмеді жыр-садағым.
Қылышынан жасқансам қиянаттың,
Қайта айналып,
Өзіне мұң шағамын.
Мұң шағамын,
өзіңе жүгінемін,
Жүрегімнің тапса деп бүгін емін,
Мұң шағамын –
безгенде біреулерден,
сұмырайдың сезгенде ұры демін.
Саған айтпай көргенім, сезегенімді,
медеу етер деп едің өзге кімді,
Арашалап қала алмай әділетті,
тәлкегіне тағдырдың төзгенімді…
Жақсылығын асырып, ерліктердің,
Жамандығын жасырып жол біткеннің,
Құлағыңа құйып-ақ жатам күнде,
Кімнен қорлық,
Кімдерден зорлық көрдім.
Бодан болып,
Бір жола бағынғалы,
бүккен жоқпын өзіңнен барымды әлі.
Билігіңде – күндерім, түндерім де,
гүлдерім де бүгінгі бағымдағы.
Зарлық па едім тәуелді,
мұңлық па едім,
Сенің ғана алдыңда сыр бүкпедім,
Саған айтам –
замана жақсарғанын,
Саған айтам –
дүние дүрліккенін.
Биік пе еді көңілім бетегеден,
Киік пе еді,
қиырға жетелеген, –
алаңдамай біріне, қарайламай,
саған ғана қызмет ете берем!
Суық еді демейін сұсы қалай,
қолыңдағы бола гөр құсыңа абай.
Жүрсем болды
бір өмір сүрсем болды,
сенің ғана кәріңе ұшырамай!
Сәкен Иманасов