Жасыратын түгім жоқ елден менің,
көз алдында күнделік тер мен демім,
Өлең болып жазылып жатыр бәрі –
естігенім,
сезгенім,
көргендерім…
Көз алдында өткенім,
өткелдерім,
азабым да бар шығар шеккен менің, –
азды-көпті қайғымды елден көріп,
біреулерге кіжініп, кектенбедім.
Азды-көпті көңілім кірлегенін,
айтқызбай-ақ әрдайым білген елім.
Күндемедім ешкімді.
Көз алдында:
айтуымен ешкімнің жүрмегенім…
Жүрегімен
жүрегім бірге соққан,
туған жермен тілегім бірге менің.
Сәкен Иманасов