Алдына алып немере,
шөбересін,
күрескенін қызықтап,
төбелесін,
Қарқ-қарқ күліп отырар қарттарымның
қалай ғана ұмытам өнегесін!..
Жұмысынан келе ме ерте қайтып,
отыратын төбеде ертегі айтып,
қарыздар ем ауылдың шалдарына, –
қарызымның өтелмей қалғаны ма?
Көп тірлікті көздері көре тұра,
Жетпеді ме, жетті ме арманына?..
Шақырмай-ақ қасына ымдап ешкім,
Әңгімесін солардың тыңдап өстім.
Батырлардай баяғы болғым келіп,
құм да кештім қиялмен,
қырға көштім.
Аласұрып астымда арғымақ ат,
Қарсы барсам ханға да –
қандыбалақ.
Риза болып тұрса әкем деп ойлаушы ем,
Қылығымды кешіріп барлық ағат…
Риза болып бауырым,
ауылым да,
Жауынын да елемей, дауылын да,
Қарақшының кәллесі жүрсе деуші ем,
сәйгүліктің салақтап сауырында!
Көктей өтіп таулардан енді бірде,
кете бергем ілесіп мен дүбірге,
Шөлден асып,
қанша бір көлден асып,
сезгендей ем қырымның кеңдігін де.
Жерін қорып,
жүретін шепте кілең,
ұнап тегі, азап та шеккенімен,
Батыр болып туады-ау деп ойлаушы ем,
біздің елдің ұлдары шеттерінен.
…Тыңдаушы едік көкесін әңгіменің,
көкейімде көбісі қалды менің,
Содан бері әйтеуір, көңіліме
Ұлы болып ұялап алдың, Елім!
Сан ғасырдың сыртында қалса да ізі,
көкейде жүр халқымның қанша аңызы.
…Жігіттері елімнің Төлеген де,
Жібек шығар деуші едім барша қызы…
Ертегіден біліп ем ердің ерін,
бәріне де ұқсағым келді менің.
Құрбы қызды көрсем деп,
көп қадалғам,
ару болар асылдың белгілерін!
Ақ таяқты ат қылып,
иіп садақ,
домбыра да жастандым биік сағақ.
Керқұла атты Кендебай болғым келген
қырда жортар құйғытып,
киік санап.
Арпалысқан жауының алған бәрін,
Алпамыс та болсам деп армандадым.
Атымтайдан жомарт та болғым келген
ағайынның алдына салған барын!
Босатпаққа батырды жауда қалған,
Бұқар жырау болып та
дауға барам…
Ақын болсам Абайдай,
дедім бірде,
айналасын ақылмен баурап алған…
Көрмесем де, көрсем де зобалаңын,
су жүрекке ежелден жоқ алаңым,
Бауыржандай болғым кеп,
бес жасымнан
жалған айтқан балаға жоламадым.
Жасырайын несіне сенен бүгін,
өнеге еткен өткеннің көп ерлігін
Ертегіден өз басым
естіп едім
кеңдігін де елімнің,
кемелдігін!
Айта берсе деп тілеп әңгімесін,
қарттарымның қаншама алдым есін.
Ұлты қандай адамның,
ғұрпы қандай,
аңызына қарап-ақ дәл білесің!..
Осал емес іргем де,
тілден де елім,
Күдіктенер тегіме кімдер менің!
Аңызы еді-ау халқымның
алғаш рет
ақ сүтімен анамның бірге емгенім!
Хаты қалған ғалымы,
ақынының,
аты қалған атақты батырының,
айналайын, Елімнің ертегісі,
көкіректе күмбірлеп жатыр үнің!
Сәкен Иманасов