Жүрген жоқпын жат қолында,
шет елде,
күйінбейін бекерге…
Көкірегім тұрған шақта салып ән –
қалай ғана тарығам,
мұнша неге қапаланып,
Құдай-ау,
қарап тұрып қамығам?
Сезем –
бәрі бекерін:
қара бұлттың түріп айдап етегін,
ертең елге күркіреп бір жетеді үн,
ұмытылып
үрейлі өткен түндер кей,
көк төбеттер қарғылы,
түске кіріп жүргендей, –
өте шығар барлығы.
Қайта ашылып туған жердің аспаны,
күліп берер
күжірейген тастары,
ұмытармыз сонда бір
сырғып аққан сулар мен
туған жерден басқаны.
Барлығы да осында:
дұшпаным да,
досым да,
ойларым да,
өзгеден
оқшау тіккен қосым да.
Нені ғана армандап,
нені ғана көксеп ек, –
осы арада жанған бақ,
жабырқауға жоқ себеп.
Түңілейік біз неден,
түбі келіп бір тыңдар –
әлі үмітін үзбеген
әулиелі жұртым бар.
Жүргендей-ақ жат қолында,
шет елде,
қарап тұрып күйінбейін бекерге.
Төңірегім сол баяғы таныс ән:
құлап,
тұрып,
жылап,
күліп әлі сан,
ара түсіп адалдыққа,
арамдықпен алысам.
Қамығам ба,
күлем бе,
Туған елім қолдады,
ақ тілеуден тұл ерге
ұқсамасам болғаны…
Сәкен Иманасов